Ертең елордада Бүкіләлемдік тұтынушылар құқығын қорғау күніне арналған дөңгелек үстел отырысы өтеді
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Ертең елордада Бүкіләлемдік тұтынушылар құқығын қорғау күніне арналған дөңгелек үстел отырысы өтеді, - деп хабарлайды Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы бірлескен қимылдарының проблемалары мен перспективалары сөз болады. Сонымен қатар отырыста Техникалық реттеу және метрология комитеті мен Қазақстанның ұлттық тұтынушылар лигасының арасында Бірлескен жұмыстар жөніндегі меморандумына қол қойылады деп күтілуде.
Отырысқа Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Мәжіліс депутаты, Қазақстанның ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская, техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Дугалов, Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Дандарбек Бекшин, сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өкілдері қатысады деп күтілуде.