Ертең елордада тоғызқұмалақтан тұңғыш Әлем чемпионаты басталады
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ертең, сейсенбіде Астанадағы «Бейжің сарайы» қонақ үйінде тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты басталады.
Бүгін Туризм және спорт министрлігінде баспасөз өкілдерімен өткен мәслихатта Спорт комитеті төрағасының орынбасары Мәлік Сапашев, тарихта тұңғыш рет өткелі отырған тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты Астанада жоғары деңгейде өткізілетініне сенім білдірді. Оның айтуынша, чемпионатқа Әзірбайжан, Германия, Испания, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия, Түркия, Түрікменстан, Ресей, Украина, Чехия, Швейцариядан 50-ге жуық спортшы қатысады. Чемпионат ерлер және әйелдер арасында өткізіліп, 4 алтын медаль сарапқа салынбақ.
Қазақстан атынан Ғ.Темірбаев пен А.Сейтжанов, Д.Кенина, Ә.Далиева, С.Сапарбекова сынды халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері өнер көрсетеді.
«Бүгінгі күні тоғызқұмалақтан елімізде 100 мыңдай адам шұғылданады. Соның ішінде 36 мың бала спорт мектептерінің тоғызқұмалақ үйірмелеріне қатысуда. Соңғы екі жыл ішінде Англия, Америка, Чехия, Түркия, Қытай елдерінде тоғызқұмалақтан халықаралық турнирлер өтті»,-дейді М. Сапашев.
Халықаралық және Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ қауымдастықтарының төрағасы Әлихан Бәйменовтің айтуынша, жарыстың бір апта аясында Халықаралық қауымдастықтың мүшелерімен келіссөз жүргізіп, келесі біріншіліктің орны анықталатын болады.
«Соңғы бес-алты жылда тоғызқұмалақ жаңа серпінмен дамып келе жатыр. 2007 жылдан бастап бюджеттік қаржыландыру 10 есеге дейін өскен. Ел рейтінгісінде бірінші орында тұрған Әсел Дәлиева мен Айдос Сейітжанов мемлекеттік шәкіртақы алады. Мемлекет деңгейінде ғана емес, алыс-жақын шетелде де үгіт-насихат, әдістемелік жұмыстар жасалуда. Әлемде ұлттық зияткерлік ойындарының әлемдік біріншілігін өткізетін 10-ға тарта халық бар. Сол ондықтың ішіне тоғызқұмалақ та еніп отыр», - деп атап көрсетті ол.
«Келешекте әлемнің түкпір-түкпірінен біздің ойыншларымызға едәуір күшті қарсылық көрсете алатын тоғызқұмалақшылар шығатынына үміттенеміз. Қазіргі уақытта Қазақстан ойыншылары Әлем бойынша ең мықты ойыншылар екені даусыз», деп түйіндеді сөзін қауымдастық басшысы.
Қазіргі уақытта тоғызқұмалақтың электронды нұсқасында ойнауға мүмкіндік беретін http://www.iggamecenter.com/ сайты ашылған. Оны канадалық азамат Арти Сандлер құрған.
Тоғызқұмалақ алты рет 2006 жылы - Лондонда, 2007, 2008, 2009 және 2010 жылдары - Прага мен Пардубицеде (Чехия), 2010 ж. - Каннда (Франция) дүниежүзілік зияткерлік олимпиада мен фестивальдердің бағдарламасына енді. 2007 жылы Македонияда өткен Түркі тілдес жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан семинар өткізілді.