Ертең - Қарттар күні
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат - 1990 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қазанның 1-ін Халықаралық қарттар күні деп бекітті.
Алғашында Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада, ал 80-ші жылдардың соңында бүкіл әлемде аталып өтетін болды. Бұл күні аз қамтамасыз етілген қарт адамдар, жалғызілікті зейнеткерлер мен қарт мүгедектер құрметке бөленеді, сондай-ақ оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтарын сақтау, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандырылу, денсаулығын сақтау, білікті, оның ішінде ақысыз құқықтық көмек алу құқығы кепілдендірілген.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында қарттарды әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесі қалыптасқан, ол зейнетақымен қамсыздандыруды (мемлекеттік үлестіру және жинақтық), мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайына және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік көмекті, арнаулы мемлекеттік көмекті, әлеуметтік қызмет және әлеуметтік көмек көрсетуді қамтиды.
Бүгінгі таңда Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан зейнетақы төлемдерін алушылардың саны 1633,2 мың адамды құрайды, оның ішінде 16 мыңнан астам мүгедек пен Ұлы Отан соғысына қатысушылар, 240 мыңнан астам тыл еңбеккерлері мен 100 мыңнан астам марапатталған көпбалалы ана бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы ақпанның 6-дағы Жолдауын іске асыру мақсатында зейнетақының орташа мөлшері 2009 жылы 25 пайызға, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 9 пайызға арттырылды. Сондай-ақ 2010-2011 жылдары зейнетақының мөлшерін орташа 25 және 30 пайызға, тиісінше мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерін 9 пайызға арттыру көзделеді.
2011 жылға қарай базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің кемінде 50 пайызын құрайтын болады.
Қаржы дағдарысының кері әсерін жұмсарту және инфляция шығындарын өтеу мақсатында 2009 жылғы шілденің 1-нен бастап республикалық бюджет туралы заңымен жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін алынатын айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 1 296 теңгеге дейін, ал ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 13 717 теңгеге дейін ұлғайтылды. Осының нәтижесінде базалық зейнетақының мөлшері 5388 теңгеден 5487 теңгеге дейін (жаңа ең төменгі күнкөріс деңгейінен 40 пайыз) арттырылып, базалық зейнетақыны қосқанда ең төменгі зейнетақының мөлшері 15362 теңге, орташа - 22592 теңге, ең жоғары 32703 теңге болады.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында, Отан қорғауға сіңірген еңбектері мен ерен ерліктерін ескеру мақсатында 2010 жылдан бастап:
- «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медалімен марапаттау;
- Ұлы Отан соғысына қатысушыларға біржолғы материалдық көмек көрсету;
- «Алтын алқа» белгісімен марапаттау үшін көп балалы аналар туған және тәрбиелеген балалардың санын оннан жетіге дейін және «Күміс алқа» белгісімен марапаттау үшін сегізден алтыға дейін төмендету. Бұл көп балалы ананың беделін арттыруға, оның бала тәрбиелеу, отбасын нығайту және демографиялық жағдайды жақсартудағы рөлін арттырады;
- Мемлекет басшысының V Әйелдер форумында берген ұсынысына сәйкес көп балалы аналарды әлеуметтік қолдау мақсатында «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшерін 3,9 АЕК-тен 6 АЕК-ке дейін арттыру көзделеді.
Біз ардагерлер мен қарттар алдындағы өзіміздің парызымызды мойындаймыз. Бұл парыз - оларға күнделікті қамқорлық, қолдау көрсету арқылы өтеледі.
Осы парызын орындай отырып, Үкімет зейнетақы заңнамасын жетілдіруде, зейнетақы мен жәрдемақылардың мөлшерін арттыру және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытуда маңызды қадамдар жасады.