18:31, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Ертең «Қазақ альманағының» таныстырылымы болады
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ертең, мамырдың 29-ы күні Алматыда ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында жақында жарық көрген «Қазақ альманағы» басылымының тұсаукесер рәсімі өтеді.
Бұл туралы ҚазАқпарат Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Альманах Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының қолдауымен жарық көруде. 260 беттік жаңа басылымның өзегі қазақты дамытуға бағытталған тұжырымды, сүйекті материалдар болмақ. «Қазақ елінің тұрақтылығы мен мәңгілігі ең бірінші қазақ халқының жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан қазақ - мемлекет құраушы ұлтқа айналуы қажет. «Қазақ альманағының» көтеретін мәселелерінің негізгісі осы болмақ. Сонымен бірге, «Қазақ альманағы» тек қазақтілді қауымның ғана емес, қазақ мүддесін көздеп жүрген орыстілді қауымның да пікір-талас алаңына айналуды көздейді», ? дейді басылымның Бас редакторы, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының басшысы Берік Әбдіғалиев.
Альманахтың алғашқы санына Мемлекет басшысының әр кезеңдері айтқан ұлтқа қатысты парасатты пайымдары мен өзекті ойлары енген. Сонымен бірге Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы, Амангелді Айталы, Болатхан Тайжан, Әзімбай Ғали сынды өзге де ұлт зиялыларының материалдары және ұлт батыры Тоқтар Әубәкіровтің сұхбаты жарияланып отыр.
Альманахты әзірше тек «Меломан» дүкендер желісінен сатып алуға болады. Алдағы күндері басылым «Қазпошта» арқылы қалың оқырманның қолына жетпек.