Ертең Қазақстан Президенті елдің бас шыршасын жағады
АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ертең, 25 қараша күні Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бас шыршасын салтанатты түрде жағады.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын елдің бас шыршасы қалыптасқан дәстүр бойынша 1 желтоқсан күні жағылып келді. Биыл 1,2 желтоқсан күндері бас қалада ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшылары саммитінің өтуіне байланысты, Жаңа жыл мейрамының алғашқы жаршысы - бас шыршаны жағу рәсімін ертерек өткізу ұйғарылды.
Биыл Қазақстанның бас шыршасы Ақорданың алдындағы алаңда орнатылды. Оның биіктігі 30 метр. Шырша 650 ойыншықпен және ұзындығы 700 метр жарықтандырғыш құралдарымен әшекейленді. Бас шыршамен бір мезгілде Астананың әр жерінде орнатылған тағы 520 шырша шамдарын жағатын болады.