Ертең Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы XVI жазғы Азия ойындары басталады
АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Ертең Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы XVI жазғы Азия ойындары басталады. Қарашаның 12-27 аралығында өтетін додада қазақ елінің спортшылары 36 спорт түрінен ел намысын қорғайды. Ал жалпы, ойныдарда спорттың 57 түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынады.
Жалпы, Азия ойындарына Қазақстаннан барлығы 341 спортшы аттанды. Команда құрамында 1 Олимпиада чемпионы, 7 Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионаттарының 7 чемпионы мен 11 жүлдегері және әр түрлі Азия чемпионаттарының 47 чемпионы мен 76 жүлдегері бар.
Олардың қатарында ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері - Әсет Мәмбетов пен Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Арман Шілманов (таеквондо), Таймураз Тигиев (еркін күрес), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), соңғы 2 әлем чемпионатының жеңімпаздары: Серік Сәпиев (бокс), Светлана Подобедова, Майя Манеза (ауыр атлетика), соңғы әлем чемпиондары: Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика), Максим Раков (дзюдо), Дмитрий Карпов, Ольга Рыпакова (ауыр атлетика), Дмитрий Гааг (триатлон), Владислав Поляков (жүзу), Халид Халидов (каратэ-до), Дәрмен Садуақасов (шахмат), Ольга Довгун (нысана көздеу).
Қазақстан делегациясының 41,6 пайызы Алматы қаласының, 12,7 пайызы Оңтүстік-Қазақстан облысының, 7,2 пайызы Қарағанды облысының және 6,3 пайыз Астана қаласының, қалған 33 пайызы еліміздің басқа өңірлерінің спортшылары толықтырған.
Ұлттық құрама бұл ойындарда жалпы саны - 25 алтын еншілеп, командалық 4 орынды иеленуді жоспарлап отыр.