Ертең Мәжілістің осы сессиядағы алғашқы отырысы өтеді

АСТАНА.  4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Палата Бюросының осы сессиядағы бірінші отырысын өткізді.

 Ертең Мәжілістің осы сессиядағы алғашқы отырысы өтеді

Онда салалық комитеттердің  ұсынуы бойынша екінші сессиядағы Мәжілістің алғашқы жалпы отырысының күн тәртібін бекітті. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Палата отырысының күн тәртібіне салалық комитеттер қорытынды әзірлейтін заң жобаларының бір парасын шығаратын болды. Атап айтқанда, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы»  заң жобаларын ұсынады. Ал Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасымен жұмыс жасайтын болады.  Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы», «Қазақстан  Республикасы  мен  Иран   Ислам   Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын қарайтын болады. Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмыс жасайды.

Мәжіліс Бюросы, сонымен қатар, ертеңгі күн тәртібінде Палатаның ұйымдастыру мәселесін де қарастыратын болады.