Ертең мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталады
АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Тамыздың 11-ші күні боп табалдырықтан аттайтын алдағы түн ортасынан мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Бұл айға аман-есендікте жеткен әрбір мұсылман баласы, Ұлы Жаратушының атына мадақ айтып, оның разылығы үшін ертеңгі сәресіден бастап бір ай бойы ауыздарын бекітеді.
Ораза ғибадаты - Алла Тағаланың өз пенделеріне міндет еткен бес парыздың бірінен саналады. Ораза өзін мұсылман санаған балиғат жасындағы адамға міндет болып табылады. Тек ауруларынан айығу үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы келмейтін қарт кісілер ғана әлеуметтік әлсіз жандарға фидия төлемін берумен босатылады.
Тамыздың 11-інде басталған ораза қыркүйектің 8-і күні тәмамдалып, жиырма тоғыз күн тұтылады. Бұл күндері мұсылман бауырлар бірін-бірі ауызашарға шақырып, жақсы тілектер айтады.
Рамазан - араб сөзі, түбірі «рамзау» - «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», - деп түсіндіреді. Сондықтан, Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп те айтуға болады. Ораза адам баласын жұмсақтық пен мейірімділікке, бауырмалдық пен сабырлылыққа тәрбиелейтін, жыныстық нәпсіні тиятын ғибадат. Термизи кітабында: «Ораза - сабырлылықтың жартысы» деп айтылса, Ибн Масуд (р.а.) «Сабырлылық - иманның жартысы», - деген хадис жеткізген.
Медицина мамандары бір ай бойы өзін тамақтан шектеудің ағзаға тигізер мол пайдасын да дәлелдеген. Мәселен, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтеді, семіздік пен оның салдарынан, бауырда тастардың жиналуынан және қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Сондай-ақ денедегі жасушаларға тұрып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғап, реттейді.
Оразаның әр күнінде барлық мешіттерде Тарауих намазы оқылып, Құран кәрім хатым түсіріледі. Сонымен қатар, осы айда Жаратушыға жақындай түсудің тағы бір амалы - таң атқанша көз ілмей, Алла тағала атына мадақ айтып, дұға бағыштап, Қадір түнін атқару нәсіп етілген. Биыл Қадір түні қыркүйектің 5-інен 6-сына қараған түнге сәйкес келіп тұр.
Алла Тағала өзінің ризалығы үшін бір ай бойы ауыздарын бекіткен жандарға Рамазан айынан кейін келетін - Айт күндерінен бастап ауыз ашуға рұқсат берген. Биыл Айт мерекесі қыркүйектің 9, 10, 11 күндері атап өтіледі. Ағымдағы жылы бір пітір садақаның мөлшері - 140 теңге көлемінде бекітілді.
Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршаңызды келесі Рамазан айына дін аман жетуге жазсын!