Ертең «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 20 жыл толады

АЛМАТЫ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Ертең «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 20 жыл толады.
None
None
Осы күнге орай бүгін Алматыда қозғалыс мүшелері баспасөз мәслихатын өткізіп, осыған дейінгі жұмыс қорытындылары мен болашақ жоспарлары туралы бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Олжас Сүлейменовтың басшылығымен құрылған қозғалыс мүшелері 20 жыл ішінде үлкен жұмыстар атқарылғанын айтады. «Қозғалыстың басты жеңісі - 1991 жылғы тамыздың 29-ында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылуына үлес қосуы. Қазақстан ядролық қарудан бас тарту арқылы адамзат болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын, татулық пен ынтымаққа ұмтылған ел екенін көрсетті», - дейді қозғалыс мүшелері. Олардың айтуынша, қазір қозғалыс радиацияға шалдыққан аймақтар үшін «Жер мен адамзатты оралту» атты бағдарламаны жүзеге асыру үстінде. XX ғасырдағы ядролық жарылыстар бүгінгі ұрпақтың денсаулығына әсер етуде. «Сондықтан бұл бағытта барлық мемлекеттер күш біріктіруі керек» деген қозғалыс мүшелері, алдағы уақытта ядролық жарылыс зардаптарымен күресті жалғастыратындықтарын айтады. Қозғалыстың 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара биылғы мамыр айында Алматыда «21 ғасыр және әлемдік антиядролық қозғалыс» халықаралық конференциясы аясында аталып өтпек.
Соңғы жаңалықтар