Ертең өтетін Республикалық жастар форумын барлық интернет пайдаланушылар көре алады

   АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Ертең елордадағы Президенттік мәдениет орталығында  ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан жастар конгерісінің ұйымдастыруымен «Бірлік.kz» Республикалық жастар форумы өтеді.

Ертең өтетін Республикалық жастар форумын барлық интернет пайдаланушылар көре алады

Форумның негізгі мақсаты республика жастарын Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдыру болып табылады.

Бұл ретте, форум барысында Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларды жүзеге асыру жолдарын талқылау жоспарланған.

«Қазіргі әлемде бейбітшілік пен келісімді нығайту мен сақтау, қақтығыссыз өмірді қалыптастыру мәселелері түрлі этностар арасындағы ғана емес, түрлі әлеуметтік топтардың, саяси және діни көзқарастары қайшы өкілдердің арасындағы өзекті мәселеге айналып келеді», - делінген баспасөз айғағында.

Ал Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Шахмардан Баймановтың айтуынша, әлемдік қауымдастықпен қатар әрбір жеке мемлекетті дамытудың басым міндеттері  бірлікті, төзімділікті әсіресе, жастар арасында қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар болуы шарт.

Форумның жалпы отырысында твит-трансляция ұйымдастырылмақ. Осылайша алқалы жиын барлық интернет пайдаланушылар үшін ашық болады деп жоспарланған.

Жиын қорытындысы бойынша ел жастарына үндеудің жолдануы күтілуде.