Ертең ? Рак дертіне қарсы дүниежүзілік күрес күні

АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Ақпанның 4-і – Рак дертіне қарсы дүниежүзілік күрес күні. Бұндағы басты мақсат - тұрғындардың аса қауіпті сырқат жайлы хабардар болуы мен медициналық сауаттылығын арттыру.
None
None
Қатерлі ісік аурулары Қазақстан үшін де өзекті мәселелердің бірі болып қалуда. Бұған басты себеп, халықтың аталған ауру түрлеріне шалдығу және сол дерттерден көз жұму көрсеткіштерінің әлі де жоғары деңгейде сақталуында, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына сілтеме жасап. Жыл сайын Қазақстанда қатерлі ісіктермен ауыратын 30 мыңға жуық науқас анықталады. Соның ішінде өкпе рагы алдыңғы орында тұр. Содан кейін терінің қатерлі ісігі (100 мың халық санына 18,4 адамнан), сүт безінің рагі (19,5), асқазан рагы (18,9), өңеш рагы (9,3) және жатыр мойнының рагы (8,2) дерттеріне шалдыққандар жиірек кездеседі екен. Онкологиялық аурулардың ішінде өкпе рагынан (100 мың халық санына 17,6 адамнан), асқазан рагынан (15), сүт безі рагынан (8,2) және өңеш рагынан (8,1) көз жұму оқиғалары көптеп тіркеледі. Бүгінде әрбір бесінші қазақстандықтың өмірінде ракпен ауыру қатері бар. Сарапшы мамандардың айтуынша, тиімді тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану және темекі шегуден бас тарту арқылы онкологиялық дерттердің 40 пайызының алдын алуға болады. Ал соңғы онжылдықта семіру мен тиімді тамақтанбаудың рак қатеріне тікелей байланысы бар екендігі анықталды. Биылғы жылы қатерлі ісікке қарсы күрес күні «Белсенді өмір салты және салауатты тамақтану қатерлі ісіктің алдын алуға көмектеседі» тақырыбында өтпек.
Соңғы жаңалықтар