Ертең республиканың басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады - Қазгидромет
АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Ертең республиканың басым бөлігінде антициклон ықпалымен ауа райы жауын-шашынсыз болады деп күтілуде. Тек Қазақстанның солтүстігінде, солтүстік-батысында атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болуы мүмкін, кей жерлерде жаңбыр жауады, жел күшейеді, тұман түсуі байқалады. Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасап ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарлайды.
Ақмола, Қостанай облыстарында, күндіз Қарағанды облысында жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді, түнде және таңертең тұман түседі деп күтілуде. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы, Жамбыл, Атырау облыстарында кей жерлерде тұман түсуі ықтимал.
Жақын тәуліктерде Шардара су қоймасында су ұлғаяды деп күтілуде. Шығыс Қазақстан облысының жекелеген өзендерінде жаңбыр жауады деп болжануына байланысты су көлемі ұлғаюы мүмкін. Солтүстік облыстардың өзендерінде су бетінің бірте-бірте салқындауы байқалады.
Қазақстанның қалған су нысандарында гидрологиялық тәртіпте айтарлықтай өзгерістер күтілмейді.