Ертең Сенаттың жалпы отырысы өтеді
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Сенат спикері Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының Бюро отырысы болып өтті.
Онда палатаның 2012 жылғы 19 қаңтардағы отырысының күнтәртібі бойынша ұсыныстар қаралды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Отырыстың күн тәртібіне М.Әлімбековті және Ж.Бәйішевті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары қызметінен босату туралы мәселе алғашқы болып шығарылады. Сонымен бірге бірқатар халықаралық келісімдер, шарттар мен конвенцияларды да қарау жоспарланып отыр.
Олар - Қазақстан Республикасы мен Корея Републикасы арасындағы Ұстап беру туралы шарт, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Өкілдігін ашу туралы келісім, Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенция, Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы конвенция туралы заң жобалары.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 2 көлік дәлізі үшін Инвестициялық бағдарлама (Маңғыстау облысындағы учаскелер) - 1-жоба) ратификациялау туралы» заң жобасы да талқыланатын болды. Отырыста еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сенім деңгейін арттыру және сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету, пробация қызметі, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары да қаралатыны көзделген.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралады.