Ертеңін ойлаған азамат Ұлт жоспары аясындағы мүмкіндіктерді пайдалануы керек - Р. Жақсылықов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертеңін ойлаған азамат Ұлт жоспары аясында берілетін мүмкіндіктерді пайдаланып, келешегін кемел етудің құралдарын табуы керек.
Бұл туралы Қазақстанның мұнайсервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов осылай мәлім етті.
«Дағдарыс құрсаудай қыспаққа алғанда, ел қазынасын төкпей-шашпай сақтап, экономиканы аз шығынмен алып шығу үшін нақты жоспар, айқын міндет ауадай қажет. Ал бұл жоспарды халық бірлігінің, татулығы мен төзімділігінің арқасында ғана сәтті жүзеге асыруға болады. Елбасының «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы осы елдігіміздің жолын айқындайтын, болашағымызды бағдарлайтын нақты іс-шаралар тізбегі десек болады. Мақаланың «әлқиссасына» көңіл аударсақ, әр ұрпақтың көкейіндегі асыл арманын автор жүрегінен өткізіп, оны жүзеге асырудың тетіктерін тәптіштеп тұрып түсіндіріп берген. Ұлт жоспарын әрбір Қазақстандық тек оқып біліп, көкейге түйіп қана қоймай, оны іске асыруға атсалысса құба-құп. Себебі ертеңін ойлаған азамат осы жоба аясында берілетін мүмкіндіктерді пайдаланып, келешегін кемел етудің құралдарын тапса деймін»,-деп тоқталды Рашид Жақсылықов.
Осы орайда ол айтылған 5 реформа экономикалық тығырықтан шығу жолы және тұрақты әлеуметтік кепілдігін қамтамасыз ететін шара екенін атап өтті. Әсіресе, білім, денсаулық сақтау, еңбек қатынасы секілді аса нәзік әрі қажетті салаларды күткен өзгерістер көңілге қонымды.
«Одан бөлек экономикамыздың өңдеуші саласына кемінде 10 трансұлттық корпорацияларды тарту міндеті Ұлт жоспарының маңызды бөлігі дер едім. Зәкірлік инвесторлармен бірлескен кәсіпорындар құру жұмысы өңдеуші, кәсіпорын, инфрақұрылым, және энергетика саласын алға жетелейді деп сенемін. Сонымен қатар Елбасы ғылымды инновацияны көп қажет ететін экономиканы қалыптастыру бағытындағы жұмыстың ширай түсетінін айтты. Ұлт жоспарында көрсетілген нақты қадамдардан қалт кетпей жүзеге асырар болсақ, дағдарыстан мүмкіндік тудырып, даму жолына түсеріміз сөзсіз»,-деп түйді Р. Жақсылықов.