Ертеңіне елеңдеген азаматтар Бауыржан Момышұлының рухымен рухтанғанда ғана, еліміздің Мәңгілік ел болуына қызмет ете алады - Б. Смағұл
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Еліміздің ертеңіне елеңдеген азаматтар Бауыржан Момышұлының рухымен рухтанғанда барып, еліміздің Мәңгілік ел болуына мәңгілікке қызмет ете алады. Бүгін Алматыда Б. Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатында Кеңес Одағының Батыры, қаhарман қолбасшы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш-мүсіннің ашылу салтанатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, ақын Бақытбек Смағұл осылай деді.
«Біз Бауыржандай біртуар батырдың рухымен әруақытта рухтануға тиістіміз. Мәңгілік елдің жолында елдік пен ерлікті қосқанда ғана барып, қадамымыз әрқашанда нық болады. Елдің рухын, намысын көтеру жолында осындай батырларымыздың өнегелі өмірін жастарға сабақ етуіміз керек. Сондықтан да әскери ант қабылдайтын азаматтар әрқашанда Бауыржаншыл болып, отаншылдық ілімімен сусындауға тиісті. Ал иығына погон таққан азаматтарымыз шен үшін емес ел үшін, марапат үшін емес парасат үшін қызмет етуге міндетті. Бізге ұлттық рухы лайланбаған, бодан болмаған, уланбаған сана керек. Ол кімде бар? Ол Бауыржанда бар. Ал Бауыржаншыл азаматтар ең алдыңғы қатарда жүруі тиіс. Екінші болу сіздерге жазбаған», - деді Б. Смағұл.
Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш-мүсіннің салтанатты ашылу рәсіміне осы оқу орнының басшылығы мен тәрбиеленушілері, сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл, әскери қайраткер, отставкадағы полковник Ким Серікбаев, Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахетов, Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова және немересі Ержан Момышұлы, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы және басқа да әскери қайраткерлер, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ мектеп тәрбиеленушілерінің ата-аналары қатысты.
Бүгінгі мерекелік шара аясында мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің қатысуымен осы оқу орнында таяуда ашылған ұлттық ат спорты кавалериясының тұсауы кесілді және биыл оқуға қабылданған жас тәрбиеленушілер Бауыржан Момышұлының ескерткіш-мүсіні алдында ант қабылдады.
Айта кетелік, бұл ескерткіш-мүсін Ауған соғысы ардагерлерінің тікелей атсалысуы арқасында орнатылды. Бұл игі шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетті.