«Ертіс» футбол клубы бас бапкерсіз қалды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық «Ертіс» футбол клубының бас бапкері Вячеслав Грозный қызметінен кетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

«Ертіс» футбол клубы бас бапкерсіз қалды

Клубтың баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Вячеслав Грозный келісімшартының аяқталуына байланысты командадан кетті. 9 қараша күні украиндық маман Павлодар облысының әкімімен жүздескен. Кездесу барысында аймақ басшысы бапкерге атқарған нәтижелі жұмысы мен «Ертістің» Еурокубок додасына жолдама алғаны үшін алғысын білдірген болатын. Алайда, сол кезде келісімшартты ұзарту мәселесі ашық күйде қалды. Өкінішке орай, клуб басшылығы жаттықтырушымен жаңа еңбек келісімшартын жасаған жоқ.

 Еске сала кетсек, Қазақстан чемпионатының соңғы турында «Ертіс» өз алаңында қарағандылық «Шахтерді» қабылдап, соңғы минутта гол салып жеңіске жетті. Маусым қорытындысы бойынша павлодарлық команда төртінші орын иеленіп, келер жылы Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде ойнауға жолдама ұтып алған болатын.