«Ертіс» футбол клубы құрамын жаңартуда

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардың «Ертіс» футбол клубы кезекті жаңа футболшылармен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Ертіс» футбол клубы құрамын жаңартуда

«Ертіс» ФК-ның медиа-офицері Дархан Бекішевтің айтуынша, командаға «Екібастұз» қақпашысы Илья Сотник ауысты.

«20 жастағы Илья Сотник Екібастұз футбол мектебінің түлегі. 2015 жылдан 2018 жылға дейін «Екібастұз» ФК-да ойнаған. U-21 Қазақстан жастар құрамасына тұрақты түрде шақыртылады», - дейді Дархан Бекішев.

Сонымен қатар, өткен жылдың соңғы күндерінде павлодарлықтар құрамы «Қызылжар» шабуылшысы Тимур Молдиновпен толықты.

Көпшіліктің пікірінше, 2018 жылғы футбол маусымының жаңа есімдерінің бірі Тимур Молдинов былтыр 29 матч өткізіп, сегіз доп соққан.

Клубтың ресми сайтында орналастырылған ақпаратқа сүйенсек, 2015 жылдан бері Павлодарда өнер көрсетіп келе жатқан команданың көшбасшысы португалиялық легионер Карлос Фонсека 2019 жылы да «Ертісте» ойнайды.

Жергілікті футбол мектебінің түлектеріне келсек, шабуылшы Арман Смайылов, жартылай қорғаушылар Артем Попов пен Арман Кеңесов павлодарлықтар сапында өнер көрсетулерін жалғастырады. Жаңа келісімшарттардың мерзімі 2019 жылдың соңына дейін жоспарланған.