«Ертіс» футбол клубы жаңа құрамын жанкүйерлерге таныстырды

Қазақстанның ең титулды клубы, бес дүркін ел чемпиондары болған павлодарлық «Ертіс» команданың жаңа құрамын жанкүйерлерге «Баянтау» спорт кешенінде таныстырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. 

«Ертіс» футбол клубы жаңа құрамын жанкүйерлерге таныстырды

«Пентакампеондардың» биылғы құрамы өткен жылға қарағанда едәуір өзгерістерге ұшыраған. Командаға румыниялық Адриан Аврамия, Дору Пападюк, нигериялық Фуад Салами, белоруссиялық Сергей Кисляк, испаниялық Адриан Гомез және қазақстандық футболшылардан Алмат Бекбаев, Мидат Галбаев, Берік Айтбаев, Мақсат Әмірханов, Дмитрий Шмидт, Рахымжан Розыбакиев, Владимир Воменко, Кирилл Шестаков келіп қосылды. Өткен жылғы ойыншылардан Руслан Есімов, Серікбол Қапанов, Никита Калмыков, Александр Кислицин, Павел Шабалин, Илья Калинин, Арман Смаилов, Милош Стаменкович пен Карлос Фонсека ғана қалды.

"Бірінші кезекте мен қолдауын аямайтын жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Біз үлкен отбасыны құрып жатырмыз. Жанкүйерлерсіз «Ертіс» клуб емес! Футбол жайлы көп айтуға болады, бірақ, оқу-жаттығу жиындарындағы дайындықты жасыл алаңда көрсетеміз. Біз биік белестерді бірге ғана бағындыра аламыз"., - деді бас бапкер Жерард Нус.

Айта кетейік, команданың таныстыру шарасына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов арнайы келіп қатысты. «Ертіс» үшін 2018 жылғы Премьер-Лига ойындары 11 наурыз күні «Атырауға» қарсы кездесуден басталады. Ойын Орталық стадионда өтеді.

Еске салайық, Жерард Нустың шәкірттері 4-наурыз күні омбылық «Ертіс» командасымен жолдастық кездесу өткізеді.

Матчқа кіру тегін. Басталуы: сағат 15:00-де.