«Ертіс» футбол клубына жаңа басшы келді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Ертіс» футбол клубына жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ертіс» футбол клубына жаңа басшы келді

Клубтың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Павлодар облысы футбол федерациясының президенті Ұлан Жазылбек 29 мамыр күні «Ертіс» ұжымына клуб директорының міндетін атқарушы Торсықбаев Ардақ Қайырлыұлын таныстырды.

А. Торсықбаевтың спорт саласында тәжірибесі мол. Ол спорт мектебін басқарып, бірнеше жыл бойы Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарған. Павлодар қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болып қызмет еткен. Сонымен қатар Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, Павлодар облысы әкімінің аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы болды.

Айта кетейік, бұған дейін «Ертіс» ФК ресми сайтында команданың бұрынғы бас директоры Жанайдар Дүйсембаев қызметінен шеттетілгені хабарланған болатын.

Өңірдің футбол клубы биылғы маусымда үздік үштікке кіруге үмітті. Команданың құрамын да күшейту көзделген.