Ертіс өңірі тұрғындарының 70 пайызы - қалалықтар
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында 754 мың 501 адам тұрса, олардың басым бөлігін қалалықтар құрап отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл жөнінде өңірлік көммуникациялар қызметінде өткен жиында облыстық статистика департаментінің басшысы Дана Сұлтанова мәлім етті. - 2017 жылдың дәл осы кезеңімен салыстыратын болсақ, аймақта 1528 адамға көп болған, - деді департамент басшысы. - Қала тұрғындарының саны 533 мың 240 адам болса, ауылдық аймақта 221 мың 261 адамды құрады. Сараптама қорытындысы жұртшылықтың 70 пайызы қалада тұратынын көрсетіп отыр».
Департамент ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жалпы қаңтар-мамыр айларында облыстан 4323 адам көшіп кеткен. Олардың 1522-і шет елге кетсе, соның ішінде 1360-ы ТМД елдеріне қоныс аударған. Павлодарлықтардың басым бөлігі Ресей мен Германия мемлекеттерінде орналасқан. Қазақстанның өзге аймақтарына 2801 адам қоныс аударды. Олардың 45,8 пайызы Астана қаласын, 11,3 пайызы Шығыс Қазақстан облысын таңдаған.
«Осы уақыт аралығында облысқа 2299 адам көшіп келді. ТМД елдерінен келген 153 адамның басым бөлігі - Ресейден, ал 39 адам басқа мемлекеттерден қоныс аударған. Оның ішінде Германия мен Қытай мемлекеттерінің азаматтары бар. Сонымен қатар, еліміздің басқа облыстарынан Ертіс өңіріне 2107 адам келді», - деді Дана Сұлтанова.
Қоныс аударушылардың арасында 38,5 пайызы орыстар болса, 25,5 пайызы қазақтар. Павлодар облысына көшіп келгендердің 71,6 пайызы орыстар мен 10,1 пайызы неміс халқы.