Ертіс өңірінде 1-4 сынып оқушыларын мектептерде тегін тамақтандыруға 1,7 млрд теңге бөлінеді
Облыстық мәслихат сессиясында депутаттарға ақпарат жеткізген өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев аталған көрсеткіштің 2019 жылмен салыстырғанда 28%-ға артқанын атады. Атап айтқанда, облыс мектептерінде 51 мыңнан астам 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға 1,7 миллиард теңге бөлінген. Одан бөлек, өңірдің 111 мектебін Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісіндегі жиһазбен қамтуға 108,6 миллион теңге қарастырылады. Сонымен бірге, 475 жетім және ата-ананың қамқорынсыз қалған балаларды асырауға 1,1 млрд теңге бөлінбек.
«Сарыарқа» және «Затон» мөлтекаудандарында мектеп құрылыстарына, сондай-ақ, Павлодардағы Абай атындағы №10 мектеп-лицейінің жалғасын салуға, Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылындағы балабақша ғимаратын, Павлодар ауданындағы Кемеңгер бастауыш мектебін қайта жөндеу, Павлодардағы №3 дарынды балаларға арналған гимназиядағы спорт және мәжіліс залын салуға екі миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді», - деді Мақсат Тұрлыбаев.
Облыс әкімі Болат Бақауов кішігірім мектептерді оңтайландыру ісін жалғастырудың маңыздылығын атап, оның бюджет қаражатын үнемдеп, білім беру сапасын арттыруға септігін тигізетінін айтты.