Ертіс өңірінде бизнес субъектілерінің 33 пайызын әйелдер басқарады
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны - 44 мыңнан астам. Оның 33 пайызына (15 мың) әйелдер жетекшілік етеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Атамекен» Павлодар өңірлік кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Бақытжан Ілиясова мәлім етті.
«Бизнес саласындағы әйелдердің сапалы құрамының 50 пайыызын белсенді жастағы азаматшылар құрайды Бұл - 160 мыңға жуық әйел. 10 мыңнан астамы сәбилерінің күтімі бойынша демалыста отыр»,- дейді Бақытжан Ілиясова. Айта кеткен жөн, 2018 жылы ERG компаниялар тобы мен «Атамекен» ҰКП-ның Іскер әйелдер республикалық кеңесі конгресінде өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Халық банкіне әйелдер кәсіпкерлігін несиелендіруге 1 миллиард теңге көлемінде бірінші транш бөлінді. Павлодар облысынан түскен 58 өтініштің ішінде бес жоба 30 миллион теңге көлемінде несие алды. Қаражат құрал-жабдық сатып алу, инвестицияларды қайта қаржыландыру және айналым қаржысын толықтыруға жұмсалды.
Спикердің айтуынша, ауылдық жерлерде бизнеспен айналысатын әйелдердің саны артып келе жатқаны байқалады. «Мәселен, 2018 жылдың ішінде жалпы құны 322,9 миллион теңгені құрайтын әйелдер бизнесінің 113 жобасы бастау алды», - дейді Бақытжан Ілиясова. «Жобалар қызмет көрсету, білім беру, мал шаруашылығы және нан өндірісі салаларында жүзеге асырылды. Оның ішінде «Ясмин» жеке кәсіпкерлігі көжектерді өсіруге 3 миллион теңгенің грантын алған. Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Нәтижесінде іскер азаматшалар түрлі салада өз бизнесін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Аймақ экономикасының дамуына үлес қосып, сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығарады».
Айта кетерлігі, кәсіпкерлер палатасы жанында «Бизнес Кеңесші», «Бизнес Өсім», «Бастау» атты тегін оқыту курстарына 3 мыңнан астам әйел қатысып, кеңес алған.