Ертіс өңіріндегі 400 мың гектар суармалы жерді игеру өнімді бес есеге арттырады - Арман Евниев
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Екібастұзда өткен Neo Nomad іскерлік ойынында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев ет бағытында мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Семинарға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Махажанов және аймақтағы ауылшаруашылығы өндірушілері, бордақылау алаңдарының басшылары, серіктес фермерлер, облыстық, аудандық әкімдіктер мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
«Бүгінгі сапардың мақсаты - шаруашылықтарға жаңа бағдарламаның мағынасы мен талаптарын жеткізу. Әсіресе, ет және мал шаруашылығы, жайылымдық жерлердің жағдайы, малды қайдан әкелуге болатыны мен тиімділігі сияқты мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, нақты қолданылатын шаралар мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері, тапсыруға қажет құжаттар тізімі туралы айтылды. Мемлекеттік қызметшілер мен фермерлердің, қаржы институттарының әрекеттері тақырыбында сөз қозғалды»,- дейді Арман Евниев. -
Әр ауданнан бес команданың қатысуымен өткен іскерлік ойын шынайы жағдайға негізделген түрде ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде әрбір адам белгілі бір ережелер шеңберінде шешім қабылдап, алға қойған мақсатына қол жеткізді. Әлеуметтік желелердегі тікелей көрсетілім арқылы көрермендер өздеріне ұнаған командаға дауыс берді. Олардың дауыстары жеңімпазды анықтау барысында есепке алынды. - Облыс әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, Ертіс өңірде 100 мыңнан астам жайылымдық жер бар, - дейді вице-министр. - Бүгінгі таңда біздің алдымызда республика бойынша 18 мың фермердің санын 100 мыңға, 57 миллион гектар қолданыстағы жерді 100 миллион гектарға дейін жеткізу міндеті тұр. Ал, Павлодар облысында бұл мақсатты жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндік бар. Алдағы бес жылда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру көзделіп отыр. Ол үшін бұл аймақтың әлеуеті жоғары. Себебі, Ертістің екі жағасында 400 мың гектар суармалы жерді игеруге болады. Осы алқапты алдағы уақытта іске қоссақ, 10 жылдың ішінде өндірілетін өнім көлемі 2,5 емес, бес есеге дейін артады».
Вице-министрдің айтуынша, еліміздегі 1 млн 400 мың га суармалы жер қолданыстағы ауыл шаруашылығы саласындағы жер көлемінің 7 пайызын ғана құрайды. Яғни, 7 пайыз жерден 42 пайыз өнім өндіріледі.
Айта кетерлігі, Павлодар облысы - еліміз бойынша Neo Nomad іскерлік ойыны өткізіліп отырған төртінші аймақ. Бұған дейін Ақмола, Қарағанды және Қостанай өңірлерінде ұйымдастырылған мұндай әдіс бір командаға бірігіп, ортақ мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.