Ертіс орманы мен Көкшетау паркінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесі орнатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Ертіс орманы мен Көкшетау паркінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесі орнатылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ертіс орманы мен Көкшетау паркінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесі орнатылады

«Тәжірибе көрсеткендей, орман өрттерін ерте анықтау үлкен маңызға ие. Бүгінгі таңда орман өрттерін ерте анықтау жүйесі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және «Семей орманы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 3 филиалында орнатылған. Сонымен қатар, орманды заңсыз кесу жағдайларын азайту, орман күзетінің кешенді қауіпсіздігі және мемлекеттік орман қорына келушілер үшін орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату да маңызды. Биыл «Ертіс орманы» және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату жоспарланған», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, шағын алаңдарда орман өрттерін уақтылы анықтау және жою мақсатында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Экология және табиғи ресурстар министрлігінің күштерімен республиканың 10 облысында (Алматы, Жетісу, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан («Көкшетау» МҰТП), Қостанай және Павлодар облыстарында) 8 млн 869 мың гектар алаңда немесе республиканың мемлекеттік орман қоры аумағының 30 пайызында авиатасымалдау жүзеге асырылады. Нормативтік ұшу 9024 сағатты құрайды.

«Табиғат қорғау және орман мекемелері қызметкерлерінің орман өртін сөндіру станцияларында және өрт-бақылау мұнараларында кезекшілігі олардың өрт қаупі жоғары кезеңдерде тәулік бойы кезекшілікке өтуін қамтамасыз ете отырып ұйымдастырылады. Жалпы, бүгінгі күні орман өрттерінің ғарыштық мониторингі жүйесін «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ штаттық режимде жүзеге асырады», - деді Әлихан Смайылов.