Ертіс өзені арқылы өтетін мұз жолдары ашылды - Павлодар облысы

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өңір аумағында Ертіс өзені арқылы мұз жолдары, жүк таситын және жаяу өтпе жолдары қызмет ете бастады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ертіс өзені арқылы өтетін мұз жолдары ашылды - Павлодар облысы

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеткізген мәліметіне сүйенсек, мұз өткелі Ертіс ауданында ресми түрде жұмыс істей бастады.

«Ондағы мұздың қалыңдығы 44-45 см құрайды, үш тоннаға дейін жүк көтере алады. Облыстың өзге аудандарында ресми түрде рұқсат етілген мұз өткелдері әзірге ашылған жоқ»,- дейді ТЖД өкілдері. Мұз өткелдеріне қойылатын талаптар ҚР Ішкі істер министрлігінің қауіпсіздік ережелерімен реттеледі. Өткелдерге бөлінген орындар 25-30 метр қашықтықта орналасқан маңдайшалармен белгіленуі тиіс. Өткелдердің екі жағынан құламаларында арнайы қалқандарға қысқы құрал-жабдықтар (багрлер, баспалдақтар, құтқару шеңберлері, бөренелер) қойылуы қажет. Өткелдің пайдалануға жарамдылығына келетін болсақ, мұздың қалыңдығы 45-50 сантиметрден кем болмауы тиіс. Мұз өткелдерінен өту кезінде көлік құралдарының жылдамдығы сағатына 10 км-ден аспауы керек. Автомобиль жолаушылары жаяу жүруі, ал жүргізуші көліктің есіктерін ашып, қауіпсіздік белдігін босатып жүргізуі тиіс.