Ертіс өзенін тазалаған «Жасыл ел» жасағының сарбаздары Жасыбай көліне кірісті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Табиғатты тазалау акциясы аясында Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлін тазартуға «Жасыл елдің» алты сарбазы жұмылдырылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
Облыстық жастар саясатын дамыту басқармасының инспекторы Санира Жүсіпованың айтуынша, көл түбіндегі тұрмыстық заттарды шығару жұмысы әр аптаның соңында жүргізіледі. -Басты мақсатымыз - табиғатты қорғау және алыс-жақыннан келіп жатқан туристерге қолайлы жағдай жасау. Өзен, көлдерді тұрмыстық қалдықтардан арылту мәселесін алғаш біз 2015 жылы көтеріп, содан бері жыл сайын жүргізіліп келеді. Биылғы акция 2 маусымда басталып, бір апта бойы Ертіс өзенін тазаладық. Онда 20 адам жұмыс істеді. Ал Жасыбайға келгелі екі күн болды. Алғашқы екі күндік жұмыста елу қап қоқыс шығарылды. Оның ішінде үйдің шіріп кеткен батареясы, сыраның бөтелкелері, шырынның бөтелкелері және басқа да киім-кешектер бар. Шығарылған қоқыстарды инспекторлар арнайы орындарға төкті. Биыл мұнда «Жасыл ел» жасағының сарбаздары он күн жұмыс істейді, - дейді Санира Жүсіпова.
Облыстық «Жасыл ел» штабының төрағасы Рахат Қаппасовтың сөзіне қарағанда, акцияға қатысушылар алдымен Павлодар мемлекеттік институтының бассейінде жаттығу жасап, су астына сүңгуді, заттарды табуды үйренген.
«ПНХЗ жанындағы «Дайвинг» жасағының басшысы біздің жастармен екі апта бойы жұмыс жасап, су асты тазалығын жүргізуді үйретті. Соның арқасында олар қандай терең су болса да түбінде жатқан қоқыстарды алып шыға алады. Алты сарбаздың төртеуі суға сүңгісе, екеуі жағалаудағы қоқыстарды жинастырып жүр. Әкімдік тарапынан қосымша қаражат бөлінетін болса, біз мұнда күзге дейін жұмыс жасауға әзірміз, -дейді Рахат Қаппасов.