Ертіс өзенінен 3,4 млн теңгенің бекіре балығын аулаған браконьер ұсталды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ертіс өзенінен бекіре балығын аулаған браконьер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Telegram парақшасына сілтеме жасап.

Ертіс өзенінен 3,4 млн теңгенің бекіре балығын аулаған браконьер ұсталды

Балық шаруашылығы комитетінің Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Павлодар облысының Май ауданында Ертіс өзенінің «Белая» ағынында рейд жүргізген.

Оның барысында 27 шілде сағат 22.30-да «Вихрь-25» аспалы моторы бар «Казанка» қайығында тормен заңсыз балық аулаған С. атты азамат ұсталды.

Кемені қараған кезде бекіре тұқымдас балықтар табылды. Оның ішінде салмағы 4 кг 1 сібір бекіресі және жалпы салмағы 8.8 кг 14 дана стерлет бар.

Балық ресурстарына келген залал 3 469 771 теңгені құрады.

Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін аулағандарға ҚР ҚК 339-бабында жауапкершілік көзделген.

Ол үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар.

Осыған байланысты оқиға орнына Павлодар облысы Май аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылып, материалдар қылмыстық іс қозғау үшін берілді.

Аталған факті Балық шаруашылығы комитетінің бақылауында.