«Ертіс» премьер-лигада соңғы орнынан көтерілді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық футболшылар сырт алаңда қостанайлық «Тобылды» 2:1 есебімен ұтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Ертіс» премьер-лигада соңғы орнынан көтерілді

Павлодарлықтар кездесуді алаң қожайындарынан гөрі белсендірек бастады. «Тобыл» қорғаныста көбірек ойнап, қарымта шабуылдарға сирек шығып отырды. Турнирлік міндеттерін орындап үлгерген қостанайлықтар сылбыр ойнады. Өз кезегінде «Ертістіктер» де қожайындар қақпасына соншалықты қауіп төндіре қоймады. Осындай көрініс матчтың соңғы 20 минутына дейін жалғасты десек қателеспейміз. 70-минутта «Ертіс» қорғаушысы Руслан Есімовтің алаң ортасынан берген пасынан соң «Тобыл» қақпашасы Дмитро Непогодов тайып құлап, допты павлодарлық жартылай қорғаушысы Дору Попадюкке сыйлады. Румын хавбегі допты бос қалған қақпаға оңай соқты - 1:0. Футболға ұқсас тартысты ойын «Ертістің» гол соғуынан кейін басталды. Қостанайлықтар келесі шабуылда бұрыштама добына ие болып, есепті теңестірді. Голды баспен соққан Таңат Нөсербаев - 1:1. Екі команданың ойынына қан жүгіргендей болған сәтте «Ертіс» көшбасшы футболшыларының бірі Руслан Есімов өз командасына тағы бір мәрте көмекке келді. 88-минутта Родригодан пас қабылдаған ол айып алаңына еніп, «Тобыл» қорғаушының әрекетінен соң құлап түсті. Қостанайлық қорғаушы тарапынан ереже бұзылды. Милош Стаменкович пенальтиден мүлт кетпеді - 2:1.

Матч соңында «Ертіс» бас бапкері Димитар Димитров командасының жеңісіне көңілі толатындығын айтты. - Бұл біздер үшін зор жетістік, - деді Димитар Димитров. «Дегенмен, бізді маңызды ойындар күтіп тұр. Меніңше, жеңіске әбден лайық болдық. Алайда, әлі ештеңе шешілген жоқ».

 Осы жеңісінен соң «Ертіс» соңғы орнынан 10-ға көтерілді. Келесі матчты павлодарлықтар өз алаңында 21 қазан, жексенбі күні өткізеді. Қарсылас - қызылордалық «Қайсар».