Ертіске су жібергеннен Павлодар облысында су тасқыны қаупі туындамайды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ертіс бассейндік инспекциясының мәліметтері бойынша, табиғатты қорғау мақсатында Ертіс өзеніне су жіберу Павлодар облысындағы елді мекендерге тасқыны қаупін төндірмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ертіске су жібергеннен Павлодар облысында су тасқыны қаупі туындамайды

«Былтыр 7,3 текше километр су жіберілсе, биыл жіберілетін судың мөлшері шамамен 5,5 текше километрден аспайды. Жалпы, бүгінгі таңда Павлодар облысы үшін ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», - дейді «Ертіс бассейндік инспекциясы» РМК басшысы Қазымбек Баймағамбетов Павлодар облысы әкімдігінде өткен отырыста.

Су жіберу жұмыстары алдағы 3-4 аптада басталады.

Қ. Баймағамбетовтің айтуынша, Бұқтырма су қоймасындағы су көлемі 39,3 текше километрге жетеді, бұл оның жобалық көлемінің 80%-ін құрайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де өңірде су тасқынының қаупі жоқ екенін растап отыр.

Олардың мәліметінше, Павлодар облысындағы қардың қалыңдығы аптасына орта есеппен үш-бес сантиметрге қысқарады, егер ауа райынан тосынсый болмаса, облыстағы қар үш аптаның ішінде еріп бітуі тиіс.

Павлодар облысында жағдай толық бақылауда болғандықтан, өңір басшысының тапсырмасымен павлодарлық құтқарушылар Шығыс Қазақстанға көмеккен аттанған.

Еске сала кетейік, 23 наурыз күні Шығыс Қазақстандағы су басқан аумақтарды тазарту үшін Павлодар облысынан жеке құрамның 9 қызметкері және 2 арнайы техника көмекке жіберілген болатын.

Фото: fotokonkurs.ru