Ертістің ерке қызы, опера әншісі Мария Мудряк өнерімен әлемді мойындатты

АСТАНА. 2 қаңтар. ҚазАқпарат - Он сегіз жасында Милан консерваториясын үздік аяқтаған Мария қазірде Ла Скала театры жанындағы музыка Академиясында оқуын жалғастырып жатыр.

Ертістің ерке қызы, опера әншісі  Мария Мудряк  өнерімен әлемді мойындатты

Өнерімен әлемді мойындатқан қыз операның отаны Италияда әлемдік жұлдыздармен иық тіресіп, өнер көрсеткені өз алдына, басты рольдерді орындауға да мүмкіндік алып отыр.

Мария үшін барлық атақ-даңқ мәртебеден биік тұратын қасиетті ұғым бар. Ол - туған жер. Ертістің ерке қызының өнері - жерлестері үшін мақтаныш. Қысқы демалысқа шығысымен туған өлкесіне асыға, сағына жеткен қызды үлкен сый күтіп тұрды. Облысымыздың рухани, мәдени өміріне үлес қосқан дарынды жастармен бірге Мария Мудряк та Павлодар облысының 75 жылдығы мерейтойлық медалімен марапатталды.

Мария - шетелде «Болашақ» стипендиясы арқылы оқыған дарынды жастардың бірі. Джузеппе Верди атындағы Милан мемлекеттік консерваториясын тәмамдап, Италияның ең үздік жас әншісі атағына ие болды. Ертеңін әлемдік сахнамен байланыстыратын жас қыздың болашаққа жоспары көп.

- Биыл диплом қорғағаннан кейін екі бірдей опера композиторы, маэстро Чилиано және Даниэли маған өздерінің операларында басты рольді ойнауға ұсыныс жасады. Маэстро Чилиано Валентино және Маргарита операсында, маэстро Даниэли Гамлет операсында басты әйел ролі - Офелияны сомдадым., дейді Джузеппе Верди атындағы Милан мемлекеттік консерваториясының түлегі.

Мария Мудряк опера музыкасының аты аңызға айналған өкілі Магда Оливьероның арнайы жүлдесін де қанжығасына ілді.

Өнер адамына жақын келетін тәкапарлық Марияның бойында мүлде жоқ. Бізге ашқан құпиясы - ешқандай диета ұстамайды екен. Сүйікті тағамы - бауырсақ пен беспармақ. Өмірлік ұстанымы - адамдарға қуаныш сыйлау, ерінбей талмай еңбек етіп, әлем сахналарында ән салу. Оның алғашқы орындаған әні «Қазақ вальсі» болды, деп хабарлайды 24 KZ.