Ертіс-Баян өңірінде 26 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында мемлекеттік және жеке жобалар аясында 26,7 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде 18,3 мыңы тұрақты болады.

Ертіс-Баян өңірінде 26 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр
Фото: Kazinform

 Өңірде Жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру мәселелері пысықталып жатыр. Бұл тұрғыда білім беру мәртебесін арттыру, жастардың шетелде тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасау, кәсіпорындар мен оқу ұйымдары арасындағы байланысты одан әрі нығайту көзделген.

— Өткен жылы 26,6 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, нәтижесінде 30 мыңнан астам адам жаңадан «екі қолға — бір күрек» тапты. Олардың 74%-ы тұрақты жұмыс орындары екенін атап өткен жөн. Жұмыспен қамтылғандардың 94,5%-да міндетті зейнетақы аударымдары бар. Ал биылғы меже — мемлекеттік және жеке жобалар аясында 26,7 мың жұмыс орнын құру. Оның ішінде 18,3 мыңы тұрақты болады деген жоспар бар, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.

Аймақта «WorldSkills» болашақ чемпиондар мектебі» қағидаты бойынша үздік педагогтар мен студенттер үшін шетелде тағылымдамалар ұйымдастырылады, мектептерде «Enbek Hub» оқу шеберханалары, орта білім беру ұйымдарында 50 бейіндік сынып ашылады. «Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің өңірлік атласы» жобасын іске асыру аясында кәсіптік бағдарлау жұмысында, мектептер, колледждер мен кәсіпорындар арасындағы өзара қарым-қатынастың перспективалық моделінде жаңа тәсілдер енгізілмекші.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны мәлім. 

Соңғы жаңалықтар