Ертіс бойында 110 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жазғы демалыс уақытында облыста 110 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланып отыр. Бұл — 1-10-сыныптарда білім алып жатқан балалардың 99,1 пайызы.

жазғы демалыс лагерь
Фото: Өңірлік білім беру мекемелері

Өңірлік білім беру басқармасынан атап өткендей, балалар демалысының инфрақұрылымы едәуір кеңейтіліп, мектеп жанындағы лагерлердің саны 334-тен 356-ға, бейіндік лагерлер 357-ден 576-ға дейін көбейгелі отыр. Әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға да ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы жазда 35 389 бала демалыс және сауықтыру іс-шараларымен қамтылса (бұл қажеттіліктің 100 пайызы), жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен 10 829 бала жолдамамен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа 268,8 млн теңге бөлінген.

— Жазғы демалыс кезеңін ұйымдастыруға облыстық бюджеттен жалпы сомасы 669 млн теңге қаражат қарастырылған. Демалысты қауіпсіз әрі сапалы түрде ұйымдастыру мақсатында облыс аумағы бойынша қала сыртындағы 11 лагердің жұмысы жоспарлануда. Оның ішінде жыл бойы қызмет көрсететін «Жас дәурен» (Баянауыл ауданы) мен «Балдәурен» (Мичурин ауылы) лагерлері жазғы кезеңде 1800 баланы қабылдай алады. Маусымдық лагерлерде 3538 баланың демалысы ұйымдастырылады. Жалпы лагерлердің жұмыс кезені 1 маусымнан 27 тамызға дейін жалғасады, — деп атап өтті өңірлік білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова.

Бұдан бөлек, 38 мыңнан астам баланы қамтитын 356 мектеп жанындағы лагерлер мен 61 мыңнан астам оқушыны қабылдайтын 576 бейіндік лагерь ашылады. Белсенді демалысты ұнататындар үшін 41 шатырлы және киіз үй лагер ұйымдастырылады. 

Лагерлерде IT саласын насихаттауға, жасанды интеллекті құралдарын енгізуге басымдық беріледі. Ақпараттық технологиялар колледжінің IT-hub базасында маусым айында 5-9 сынып оқушыларына арналған жасанды интеллекті мен бағдарламалау негіздерін үйрететін «Prompt AI Lab» жазғы мектебі ұйымдастырылады. Сондай-ақ мектеп жанындағы лагерлерде «Болашақ IT лагерь: жасанды интеллекті және цифрлық бағдарламалық ресурстар» атты 12 күндік хакатон өтеді. 

Бұған дейін Шымкентте балалар демалысына қала бюджетінен 755 млн теңгеден астам қаржы бөлінгені туралы жазған болатынбыз.