Ертіс ормандарында сәуір айынан бастап өртті ерте анықтау жүйесі іске қосылады

«Ертіс орманы» резерваты
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бұл мақсатқа бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта «Ертіс орманы» резерваты аумағында 23 биік мұнара тұрғызылып, қажетті жабдықтар орнатылды.

Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі – бұл орман мониторингіне арналған бағдарламалық-аппараттық кешен. Ол шұғыл түрде іс-шараларды қабылдауға және өрт қауіптілігі жоғары маусымында орман өрттерінен болатын залалды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, өртті анықтау тәулік бойы 360 градусқа қарайтын және 30 км-ге дейінгі радиуста жағдайды тіркейтін бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады. Бақылау аумағы 10 мың гектарға дейін жетеді. 

«Ертіс орманы» резерваты
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Қазіргі уақытта «Ертіс орманы» резерватының аумағында 23 биік мұнара мен оған қажетті кешендер тұрғызылды. Ондағы бейнекамералар тепловизормен жарақталғандықтан өртті түнде де анықтаудың мүмкіндігі бар. Бұған қоса, найзағай түскен жерлерді камералар көрсетіп, белгі береді. Жүйені басқаруды қамтамасыз ету орталығының (БҚО) мамандары қазіргі уақытта оқытылып жатыр. 8 сәуірде жүйе толыққанды жұмыс істей бастайды.

Резерваттың бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметовтің айтуынша, жаңа құрылғылар арқылы алдағы уақытта мемлекеттік орман қорына жататын 277,9 мың гектар аумақты тәулік бойы толық бақылап отырудың мүмкіндігі туады. 

«Ертіс орманы» резерваты
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

«Жаңа жүйенің көмегімен орман өрттерін уақытылы анықтап қана қоймай, сонымен қатар орман заңнамасының бұзылуын да анықтауға болады. Себебі жүйе тәулік бойы бейнетүсірілім жүргізіп, онлайн режимде БҚО-ға сигнал таратып тұрады. Мысалы, түнгі уақытта орман арасында техника қозғалысы байқалса, камералар бұл құбылыс жайында бірден басқару орталығындағы маманға хабар береді. «Өлі аймақтар» болмауы керек. Негізінен өрт туындай қалғанда қауіптілігі аса жоғары болатын орман телімдері таңдалды. Мұнараларға бекітілген антенна-матчталар резерваттың барлық аумағын бақылауда ұстап тұратындай етіп орналасқан. Мұнара кешендерінің аумағы темір дуалмен қоршалған. Бұл мұнаралардың басында тек тепловизорлы камералар ғана емес, метеорологиялық мониторинг жүргізетін және найзағайлардың түсуін тіркейтін жүйелер де орнатылғанын ескеру керек. Жүйеге бұдан бөлек қосымша құрал ретінде GPS-трекерлер де енеді. Оларды біз өрт сөндіру техникалары мен патрульдік автокөліктерге орнатамыз. Сол арқылы өрттің нақты қай жерде болғанын жедел анықтап, күшті жедел жұмылдыруға болады. Бұдан бөлек ұшқышсыз басқарылатын аппараттар да кешен жүйесіне енеді», - деді Қ.Әметов.

Атап өтерлігі, 23 мұнараның жабдықтары күн панельдері арқылы өндірілген электр энергиясынан қуатталады. Әр кешенде дизельді генераторлар да орнатылған. Күн панельдерінен кінәрат шыққан жағдайда, генераторлар іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар