Ертіс орманында бұлан көбейді: жануарлардың экожүйеге тигізетін пайдасы қандай

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бұландардың тұрақты мекеніне айналған «Ертіс орманы» резерватында кейінгі жылдары жабайы жануарлар кадрға жиі ілігіп жүр. Мамандар мұны бірнеше қолайлы фактормен байланыстырады. 

Ертіс орманында бұлан көбейді: жануарлардың экожүйеге тигізетін пайдасы қандай
Фото: Ертіс орманы

Тұрқы жағынан түйеге жақын, тұяғы айыр келетін, еліміздегі сүтқоректілердің ішіндегі ең ірісі саналатын бұланның орман жүйесіне тигізіп отырған пайдасы туралы резерваттағы аға ғылыми қызметкер, аңтанушының міндетін уақытша атқарушы Қанат Егембердиев әңгімелеп берді.

Ертіс орманында бұлан көбейді: жануарлардың экожүйеге тигізетін пайдасы қандай
Фото: Ертіс орманы

— Қанат Шалабекұлы, «Ертіс орманында» бүгінде бұландар саны айтарлықтай өскені байқалып отыр. Олар негізінен орманның қандай жерлерін мекендейді?

— Кейінгі санақтың нәтижесі бойынша резерват аумағында 184 бұлан есепке алынды. Жануарлар негізінен орманды әрі бұталы алқаптарда, өзен-көлдерге жақын учаскелерде, ылғалы мол әрі қорек қоры жеткілікті жерлерде мекен етеді. Әсіресе, Шалдай мен Бесқарағай филиалдарының орманды аумақтарында кездеседі. Жалпы бұландар үнемі қозғалыста болатындықтан олардың нақты санын тап басып айту қиын. Кейде белгілі шамадан көбейіп те кетеді. Анығы, олардың саны соңғы жылдары айтарлықтай көбейген. Біздің инспекторлар қарағай ішінен жиі ұшырастырады. Туристер де байқап қалып, видеоға түсіріп жатады. Бұландар популяциясы жалқарағай ормандарын мекендейтін байырғы жабайы жануарлар қатарында екенін атап өткен абзал.

— Жануарлардың көбеюіне қандай факторлар оң әсер етіп отыр?

— Бұлан санының көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Ең әуелі резерват аумағында жануарларды қорғаудың күшеюі, заңсыз аң аулаудың алдын алу, қолайлы табиғи жағдай мен қорек қорының жеткіліктілігі әсер еткен болуы керек. Бұған қоса «Ертіс орманында» аң аулауға тыйым салынғандықтан, олар үшін толықтай қауіпсіз мекен. Резерват аумағында бұрыннан кездесетінін айттым. Дейтұрғанмен соңғы жылдары жануарлардың саны мен таралу аймағының кеңейгені байқалады. Бұл олардың резерват жағдайына жақсы бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.

Ертіс орманында бұлан көбейді: жануарлардың экожүйеге тигізетін пайдасы қандай
Фото: Ертіс орманы

— Тіршілік ету ортасы, ерекшелігі туралы не айтасыз?

— Бұлан — бұғылар тұқымдасына жататын ірі сүтқоректі жануар, Қазақстандағы ең ірі жабайы тұяқтылардың бірі. Денесі ірі, аяқтары ұзын, тұяқтары жалпақ болып келеді. Салмағы 800 келіге дейін тартуы мүмкін. Аталықтарының басты ерекшелігі — жыл сайын түсіп, қайта өсетін ірі тармақты мүйіздері. Көбіне таңертең ерте және кешкі уақытта белсенді болады. Ал күндіз тынығып, қауіпсіз жерлерде жатады. Өсімдікқоректі жануар болғандықтан маусымға байланысты рационы өзгеріп отырады. Жаз мезгілінде шөптесін өсімдіктермен, жапырақтармен, жас өркендермен, су маңындағы өсімдіктермен қоректенеді. Ал қыста — ағаштар мен бұталардың жас бұтақтары, өркендері мен қабықтары негізгі қорегі. Әсіресе көктерек, қайың және басқа да жұмсақ жапырақты ағаштардың бұталарын жейді. Табиғи жағдайда бұланның өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 15–20 жылға дейін жетуі мүмкін.

Ертіс орманында бұлан көбейді: жануарлардың экожүйеге тигізетін пайдасы қандай
Фото: Ертіс орманы

— Қазіргі кезеңде олардың күйекке түсетін, яғни шағылысатын мезгілі. Жануарлардың бойынан қандай айрықша мінез-құлық байқалуы мүмкін?

— Күйек кезеңі негізінен қыркүйек–қазан айларында өтеді. Бұл уақытта аталықтарының мінез-құлқында айтарлықтай өзгерістер байқалады. Өте белсенді болып, ұрғашы бұландарды іздейді. Аталықтары бір-бірімен бәсекеге түсіп, түрлі дыбыс шығарады. Күйек кезінде аталық бұландар әдеттегіден агрессивті болуы мүмкін. Сондықтан адамдардың оларға жақындауы қауіпті. Әсіресе аналығы мен төліне жақындағанда жануардың қорғаныс мінезі күшейеді.

— Заңмен қаншалықты қорғалған? Браконьерлерге қандай жаза қолданылады?

— «Ертіс орманы» резерватының аумағын мекендейтін бұландар ерекше қорғауда. Заңсыз ату немесе аулау үлкен жауапкершілікке әкеледі. Бұдан бөлек, ерекше қорғалатын табиғи аумақ режимін бұзғаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Әдетте бұланды атқанға белгіленетін айыппұл мөлшері — 500 АЕК. Бұл — жануарлар дүниесіне келтірілген зиянды өтеу мөлшері. Бірақ айрықша қорғалатын табиғи аумақта заңсыз аң аулағаны үшін айыппұлдарды есептеу кезінде коэффициенттер еселене түседі, яғни резерваттағы бір бұланды атқаны үшін келтірілген залалдың базалық мөлшері 1500 АЕК-ға (6 487 500 тенге) дейін есептелуі мүмкін. Сондықтан бұланды заңсыз аулау тек жануарға емес, мемлекетке және табиғи экожүйеге келтірілген залал ретінде қарастырылатынын ескерткім келеді.

— Орман қызметкерлері жануарлардың өсіп-өнуіне қатысты қандай да бір зерттеулер жүргізе ме?

— Әрине, біздің ормандарымызда жүрген жануарлар кәдімгі бұлан (Alces alces) түріне жатады. Бұлар Қазақстанның солтүстік және шығыс орманды өңірлерінде ғана кездесетін тип. Резерваттың ғылыми қызметкерлері жануарлар дүниесіне тұрақты мониторинг жүргізіп, таралу аумағы, саны, жыныстық және жас ерекшелік құрамы, мекен ету ортасы, маусымдық қозғалысы, тіршілік ету жағдайлары бақыланады. Жасанды су қоймаларын фототұзақ арқылы бақылап отырамыз. Сонымен қатар қысқы маршруттық санақтар жүргізіліп, жануарлардың іздері мен кездесулері тіркеледі. Бұл мәліметтер бұлан популяциясының жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.

қоян
Фото: Ертіс орманы

— Бұландарғақандай жыртқыштар қауіп төндіруі мүмкін? Жалпы олар неден қорқады?

— Ересек бұланның табиғи жаулары көп емес. Негізгі қауіп төндіруі мүмкін жыртқыштың бірі — қасқыр. Әсіресе жас төлдері мен әлсіз, ауру жануарлар жыртқыштардың жеміне айналуы оп-оңай. Күйек кезінде ұрғашы бұландарға таласқа түсіп аталықтары бірін-бірі жарақаттауы мүмкін, тіпті өлімге дейін апарып соқтыруы ықтимал. Бұл құбылыс табиғат заңына сәйкес мықтыларын іріктеп, әлсіздерін шегеріп отырады. Екінші тұрғыдан қалың қар мен көктайғақ, ұзаққа созылған қатал қыс, қорек тапшылығы — табиғи қатер.

— Қарағайлы орманға бұландар несімен пайдалы?

— Бұлан — орман экожүйесінің табиғи құрамдас бөлігі. Оның қарағай арасын мекендеуі резерваттағы биоалуантүрліліктің жоғары екенін көрсетеді. Жануарлар өсімдіктердің таралуына, өсімдік жамылғысының табиғи өзгеруіне, қоректік байланыстардың қалыптасуына қатысады. Сонымен қатар бұлан сияқты ірі тұяқтылардың тұрақты популяциясы табиғи экожүйенің салыстырмалы түрде қолайлы жағдайын байқататын көрсеткіштердің бірі. Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұлан популяциясын ұзақ мерзімді бақылау резерваттағы табиғи процестердің өзгеруін бағалауға мүмкіндік береді. Бұлан санының артуына байланысты олардың таралу аумағы мен қозғалысына мониторинг жүргізу, топталу орындарын тіркеу, популяцияның жыныстық-жастық құрамын бақылау жұмыстары да маңызды болып отыр. Ең бастысы олардың көбеюі қорықтық режимнің, табиғатты қорғау іс-шараларының, қолайлы табиғи жағдайлардың оң нәтижесін байқатады.

Ертіс орманында бұлан көбейді: жануарлардың экожүйеге тигізетін пайдасы қандай
Фото: Ертіс орманы

Еске сала кетейік, Баянауыл ормандарында сілесі қатып шаршаған бұлан таспаға түсіп қалды.