Ертіс орманында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер гүлдеп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Резерват әкімшілігі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және мемлекет қорғауындағы өсімдіктерді жұлуға болмайтынын ескертіп отыр. Антропогендік фактордың салдарынан әсем гүлдердің жойылып кету қаупі бар.
Көктемнің келуімен «Ертіс орманы» резерватының аумағындағы табиғат қайта жанданып, орман іші сан алуан түске бояла бастады. Дәл осы кезеңде ерекше әрі сирек кездесетін өсімдіктер гүлдейді.

— Сирек кездесетін өсімдіктердің бірқатары Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және мемлекет қорғауында. Олардың қатарында көктемгі жанаргүл, шығыс сібір құндызшөбі, көктемгі ашық құндызшөп, тағы басқалары бар. Сирек өсімдіктер табиғаттың көркі ғана емес, олар — экожүйенің маңызды бөлігі, — деп хабарлады резерваттан.

Сирек және қорғауға алынған өсімдіктерді жұлуға, жинауға, сақтауға және тасымалдауға заңмен қатаң тыйым салынған. Заңсыз әрекет жасағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бұған дейін Ертіс орманында құстардың 90 түрі бар екенін жазғанбыз.