Ертіс орманында орман өрті жаңа жүйенің көмегімен жылдам анықталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өртті орман арасында ойнап жүрген балалар абайсызда тұтандырып алған. Олардың ата-аналарына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, материалдар сотқа жіберілді.

«Ертіс орманы» резерватындағы Шалдай орманшылығы 124-орамында орман күзетінің инспекторлары мен Шарбақты ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы және полиция бөлімінің қызметкерлері өртті ерте анықтау жүйесінің көмегімен орман өртін анықтады.
«Бұл жүйе табиғи резерваттағы орман алқабының, сондай ақ елді мекендер аумағындағы жағдайды тәулік бойы қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Кәмелетке толмаған балалардың отпен абайсыздығы өртке себеп болғаны белгілі болған. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында тілсіз жау тез сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ – 0,01 гектар», - деп хабарлады «Ертіс орманы» резерватынан.
Еске сала кетейік, Ертіс ормандарында сәуір айынан бастап өртті ерте анықтау жүйесі іске қосылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Ол үшін резерват аумағында 23 биік мұнара тұрғызылып, қажетті жабдықтар орнатылды. Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі – орман мониторингіне арналған бағдарламалық-аппараттық кешен. Ол шұғыл түрде іс-шараларды қабылдауға және өрт қауіптілігі жоғары маусымында орман өрттерінен болатын залалды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Өртті анықтау тәулік бойы 360 градусқа қарайтын және 30 км-ге дейінгі радиуста жағдайды тіркейтін бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады. Бақылау аумағы 10 мың гектарға дейін жетеді.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше былтыр өңірде орман өрттерінен келген шығын 240 млн теңге болды.