Былтыр Павлодар облысында орман өрттерінен келген шығын 240 млн теңгені құрады

Ертіс орманы
Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірде жалпы саны 207 орман өрті тіркеліп, тілсіз жау жалпы аумағы 3905 гектарды жайпап өткен. Жалын көп жағдайда найзағай салдарынан тұтанғанын айтады мамандар.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың сөзінше, өткен жылы өрт оқиғаларының саны 22-ге, ал күйік шалған алқаптар 3 мың гектарға ұлғайған. 18 жағдайда өрттің аумағы 25 гектардан асып түскен, бұл — ірі өрт оқиғасы болып саналады.

— Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, биыл өрт қаупі бар маусым 8 сәуірден басталып кетті. Біздің мамандарымыз бұған дейін орман қорғау мекемелерінің маусымға дайындығын тексеріп шыққан. Оның қорытындысы бойынша тек «Ертіс орманы» резерватының дайындығы қанағаттанарлық деген шешімге келдік. Баянауыл ұлттық паркінде, Максим-Горький және Үрлітүп орман мекемелеріндегі дайындық орташа деп бағаланды. Ал Павлодар орман мекемесінің әзірлігі қанағаттанарлықсыз, — дейді ол.

«Ертіс орманы» резерваты мен Баянауыл ұлттық паркінің өртке қарсы техникамен және жабдықтармен жарақталуы 100%-ды құраса, өзге үш мекемедегі бұл көрсеткіш 84%-ды көрсеткен. Облыстық бюджеттен соңғы аталған үш мекемеге көлік құралдарын сатып алуға 441 млн теңге бөлінді. Облыста барлығы 56 өрт сөндіру автомашинасы, аспалы жабдығы бар 68 бірлік өрт тракторы, УАЗ базасында 42 шағын орман өртеу кешендері бар. 

Өртке жауапты мекемелер биыл көктемнің екінші жартысында ауа температурасы жылдағыдан жоғары болатынын, соған орай өртке қарсы іс-шараларды нықтай түсу керек екенін ескертіп отыр

Еске сала кетейік, биыл «Ертіс орманы» резерватында орман өрттерін ерте анықтау жүйесі іске қосылды.

Соңғы жаңалықтар