Ертіс орманында сарғылт құндызшөп қайта гүлдеп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Аталған өсімдіктің бір маусымда екінші мәрте гүлдеуі ерекше фенологиялық құбылыс ретінде саналады.
Мамандардың айтуынша, оған температуралық режим мен өзге де метеорологиялық жағдайлардың жиынтығы әсер еткен.
Тамыз айының үшінші онкүндігі мен қыркүйек айының басында «Ертіс орманы» резерваты аумағында құндызшөптің (Pulsatilla patens) қайталай гүлдегені байқалды.
— Гүлдің мұндай түрі күн салқындағанына қарамастан кеш гүлдеуі ерекше фенологиялық құбылыс. Оның қайтадан бүршік жаруына қалыптасқан табиғи-климаттық факторлардың үйлесімі ықпал етуі мүмкін. Атап айтқанда, ауа температурасының тәуліктік едәуір ауытқуы байқалды: түнгі уақытта температура +5…+7 °C-қа дейін төмендегенімен, күндізгі жағдайлар қолайлырақ болды, — деп хабарлады резерваттан.
Температуралық режим мен басқа да метеорологиялық жағдайлардың жиынтығы жекелеген өсімдіктердің генеративтік дамуының қайта басталуына ықпал еткен фактор болуы ықтимал. Алайда қайталама гүлдеудің тікелей себебін анықтау үшін әрі қарай фенологиялық бақылаулар жүргізіп, олардың нәтижелерін метеорологиялық деректермен салыстыру қажет дейді мамандар.
Бұл бақылау Pulsatilla patens түрінің фенологиялық ерекшеліктерін мониторингілеу және оның өзгеріп отырған табиғи-климаттық жағдайларға реакциясын бағалау тұрғысынан ғылыми қызығушылық тудырып отыр.
Бұған дейін Ертіс орманында көлік соңынан тұра жүгірген бұлан жұртты таңғалдырғаны туралы жазғанбыз.