Ертіс өзенінде 24 сәуірден кемелер жүзе бастайды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының есебінде 102 кеме тіркелген.

Ертіс өзенінде 24 сәуірден кемелер жүзе бастайды
Фото: Павлода облысы көлік бақылау инспекциясы

Ертіс өзенінде 24 сәуірден навигациялық кезең ашылады. Бұл – жүк және жолаушылар таситын су көліктерінің еліміздегі ең ұзын су артериясында жүзуіне ресми рұқсат беріледі деген сөз. Навигациялық кезең өзеннің жоғарғы жағында - Майтүбек – Павлодар қаласы бағытында және төменгі бөлігі - Павлодар – Төменгі Алексеевский (РФ шекарасы) бағытында жұмыс істейді.

- Өзен үстінде жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастыратын кемелер біздің инспекцияда ресми тіркелуі керек. Қазіргі уақытта біздің ұйымның есебінде 102 су көлігі тіркелген. Оның 49-ы өздігінен жүретін көліктер болса, өзгесі өздігінен жүрмейтін, яғни баржалар. Бұлардың ішінде 2 теплоход қана жолаушылар үшін жабдықталған, анығын айтқанда өзен үстіндегі серуенге арналған. Өзгесі жүк тасымалында пайдаланылады. Сыйымдылығы 1000 тонналық баржалар Павлодар портынан шығып Ресейдің Омбы қаласына жүк тасиды. Негізгі апаратын тауарлары – өзен құмы мен қиыршық тас. Ал қайтарда кесілген ағаш түрлерін жеткізеді. Баржалар Омбыға бағыт алғанда ағыс бойымен жүзетіндіктен 5 тәуліктей уақытын жұмсайды. Ал Павлодарға оралғанда ағысқа қарсы болғандықтан ұзақтау жүзіп келеді, - деп түсіндірді Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Ернұр Еслау.

Ертіс өзенінде 24 сәуірден кемелер жүзе бастайды
Фото: Павлода облысы көлік бақылау инспекциясы

Суда жүзетін көліктердің салмағы 200 килограмнан және қозғалтқышының көлемі 10 аттың күшінен асса, иесі тіркеуге қоюға міндетті. Үлкен кемелерден бөлек, тіркеуге қойылған 1540 шағын көлемді кеме бар. Ішкі су жолдары арқылы жүк және жолаушылар тасымалдайтын өзен көліктерінің қызметкерлері уақыт сайын біліктілігі мен деңгейін арттырып отыруы керек. Мысалы, кеме капитаны бес жылда бір мәрте аттестаттаудан өтеді. Ал оның көмекшілері мен механиктерге және т.б. мамандарға өз деңгейін арттыру үшін дипломдау жүйесі қарастырылған.

Облыста кеме капитандарының жетіспеушілігі мәселесі бар. Семейде капитандарды оқытып шығарғанымен, олардың білімі орта кәсіби деп есептеледі. Сондықтан ел азаматтары толыққанды капитан болу үшін Ресейде оқып келуге мәжбүр. Инспекторлар қазіргі уақытта су көліктерінің тиісті құжаттарын, ондағы капитандар мен көмекшілердің, механиктердің біліктіліктері туралы диплом-сертификаттарын тексеріп жатыр.

- Өңірдегі су жолдарының жағдайы «Қазақстан су жолдары» ұйымының жергілікті филиалының мамандары арқылы тексеріліп жатыр. Аталған ұйым кемелерге арнайы су жолдары көрсетілген карталар береді. Жүк немесе жолаушылар тасыған уақытта кез келген кеме сол бағытты ұстанып, барлық белгілерге бағынуы керек. Мысалы, Павлодар қаласының маңында зәкір тастауға болмайтын орындар бар. Ал кей жерлердегі су жолдарының ені тарлау келеді, - деп қосты инспекция өкілі.

Кемелер қайраңдап қалмауы үшін бекітілген ережелерді ескеріп, су жолдарының картасын негізге алады. Ал белгілердің талапқа сай болуына «Қазақстан су жолдары» жауап береді. Инспекция өз тарапынан белгілердің жағдайы мен дұрыс орналасуын тексереді. Кемелерді де жиі тексеріп тұрады. Әсіресе, жаз уақытында құқық қорғау органдарының қызметкерлері рейд ұйымдастырады.

 Ертіс өзенінде 24 сәуірден кемелер жүзе бастайды
Фото: Павлода облысы көлік бақылау инспекциясы

«Шағын көлемді су көліктеріндегі адамдар көбіне құтқару желеткесін кимейді. Ал үлкен кемелер мен баржаларда арнайы журналдарды толтыру, аттестаттаудан уақтылы өтпеу сияқты жүйелі кемшіліктер кездесіп жатады. Кемшілікке жол берген тұлғаларға айыппұл салынады. Кейде ресейлік кемелер мен баржалар Павлодардағы портқа келіп, жүк түсіреді. Олар шекарадағы бекетте және портта тексеруден өтеді. Бұған қоса соңғы жылдары Семейден бір баржа келіп жүр»,- дейді Е.Еслау.

Атап өтерлігі, Павлодар қаласындағы жалғыз кеме жөндеу зауытын әлдебір кәсіпкер сатып алып, кәсіпорынды кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Ертіс өзеніндегі су көліктері техникалық байқаудан қалай өтетіні туралы жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар