Ертіс өзенінде қанаты жараланған аққу жылы жаққа ұша алмай қалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарлық орманшылар қанаты сынып, ұша алмай қалған аққуды жағаға шығарды. Ол жарақатына байланысты жылы жаққа ұша алмай қалған.

Ертіс өзенінде қанаты жараланған аққу жылы жаққа ұша алмай қалған
Фото: Аждар Жүсіпов

Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, аққуды жергілікті тұрғындар байқап, орман қорғау қызметіне хабарласқан. Жаралы құс Ертістің жоғарғы ағысындағы Оңтүстік су қоймасында, мұз үстінде жатқан жерінен ұсталған.

— Ертіс өзенінде қазіргі уақытта мұз қата бастады. Аққудың сол жақ қанаты зақымданып, сыңарына еріп ұша алмай қалып қойған тәрізді. Бұл аққулар ішіндегі сыбырлақ аққу түріне жатады. Денесі ірі, аппақ қауырсынды, ұзын әрі иілген мойнымен ерекшеленетін әсем су құстарының бірі. Ол көбіне көлдерде, өзендерде және өсімдіктері мол су айдындарында мекендейді, — дейді Аждар Жүсіпов.

Қазіргі уақытта жабайы құсты ветеринар мамандар қарап жатыр. Жарақаты ауыр болған жағдайда ол Павлодар ауылындағы жабайы жануарлар мен құстарды ұстайтын арнайы орынға орналастырып, сонда қыстап шығады.

Бұған дейін Петропавлда құтқарушылар мұз құрсауында қалған аққуды аман алып қалғанын жазғанбыз.

Ал былтыр қақаған қыста Павлодарда ауыл тұрғыны аязда қалып қойған қос аққуды құтқарып қалған еді. 

Биыл көктемде аталған аққулар айдынына қайта жіберілді.

Фото, видео: Аждар Жүсіпов