Ертіс өзенінде суға кеткен ер адамның мүрдесі алты тәуліктен соң табылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзенінде жоғалып кеткен ер адамды іздеу жұмыстары аяқталды. Марқұмның мүрдесі оқиға орнынан шамамен 4 шақырым жерден табылған.

Ертіс өзенінде суға кеткен ер адамның мүрдесі алты тәуліктен соң табылды
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Іздеу-құтқару жұмыстарына құтқарушылар мен Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, жоғалған адамның туыстары және еріктілер қатысқан. Операцияны басқару және үйлестіру үшін жедел штаб құрылды.

— Іздеу жұмыстары болжамды суға кеткен жерден бастап Ертіс өзенінің ағысымен төмен қарай жүргізілді. Сүңгуірлер суға 28 рет сүңгіп, эхолоттың көмегімен өзен түбінің 38 500 шаршы метр аумағын зерттеді. Құтқарушылар өзеннің оң және сол жағалауларын бойлай, ағыс бағытымен төмен және жоғары қарай жалпы 272 шақырым аумақты тексерді. Сонымен қатар алты учаскедегі үйінді бұтақтар мен ағаштар қаралды. Жаяу іздеу барысында оң жағалаудың 93 шақырым аумағы зерттелді, — деп мәлімдеді өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Мамандар тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып отыр. Су үстіне шыққан кезде құтқару кеудешесін пайдалануды және ауа райы қолайсыз болған жағдайда су айдындарына бармауды ескертеді.

Еске салайық, биылғы 12 қыркүйекте Жанауыл ауылы маңында бес адам отырған металл қайық аударылып кеткен. Төрт адам өздігінен жағаға шыққан. Ал 1983 жылы туған ер адам суға кеткен деп болжанған еді