Ертіс өзенінің төменгі арнасы тазартылып жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс өзенінің Павлодар облысындағы аумағының бір бөлігі тазартылып жатыр. Нәтижесінде су айдынының экожүйесі жақсарып, биоөнімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Павлодар облысы Ертіс ауданында Ертіс өзенінің арналарын тазарту жобасы бойынша жұмыстар басталды. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қызметкерлері жуықта аталған аумаққа барып, жобаның барысымен танысты.
«Жобаны іске асыру су режимінің ағымдылығын арттыруға және өзен атырабындағы экожүйелерді жақсартуға, суармалы жерлерді үздіксіз суармалы сумен қамтамасыз етуге, шалғынды шөп массасын және Ертіс өзенінің жайылмасының биоөнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыстарды 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр», - деп хабарлады Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасынан.
Еске сала кетейік, Ертіс гидрометаллургия комбинаты Ертіс өзеніне 3 мыңға жуық сібір бекіресін жіберді.