Ертіс жайылмасында балықтар қырылып жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс өзенінің жайылмасында балықтардың қырылу дерегі анықталды. Оқиға Павлодар облысының Ертіс ауданы аумағында тіркелген.
Әлеуметтік желіде Ертіс өзенінің жайылмасында балықтардың жаппай қырылып жатқаны туралы видео пайда болды.
Жайылмадағы тоғай арасында жас шортандардың жерде жусап жатқанын көруге болады. Бейнежазба авторларының айтуынша, ол Ертіс ауданының Песчаное деп аталатын көлінде түсірілген.
- Биыл Ертіске жіберілген су жылдам қайтып кетуінің салдарынан бұл жердегі су көп тұрақтамай, құрғап қалған. Салдарынан қаншама балық қырылып жатыр. Үлкен су іздеген балықтар өздері қалып қойған шұңқырлардан секіріп, құрғақ жерде өліп жатыр. Аумақты жағымсыз иіс басып тұр, - деп баяндайды видео авторлары.
Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлімі басшысы Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, оқиға Ертіс ауданының Иса Байзақов ауылдық округі аумағында болған.
- Қазіргі уақытта балықтардың қырылу оқиғасы бойынша арнайы комиссия құрылды. Алайда біздің жіберген 2 көлігіміз ол жерге жетпей, жолда тұрып қалды. Себебі жайылма әлі кеппеген, батпақ. Ауылдық окруіг әкімінің сөзінше, балықтардың қырылуы жыл сайын қайталанатын табиғи құбылыс көрінеді. Ертіс өзенінің тасуынан көктемде жайылмада көлшіктер пайда болады. Ал су қайтқанда балықтардың біраз бөлігі құрғақта қалып қояды. Себебі өзен жақтың жер бедері биік, су жылдам қайтады, балықтар артқа қайта алмайды, - деп түсіндірді басқарма өкілі.
Мамандар балықтардың қырылу дерегін тіркегенімен, су жануарлары әлеміне келген шығынды әзірше айта алмайтындарын жеткізді. Себебі комиссия мүшелері тек ертең барады.
Одан соң шығынның көлемі анықталып, өлген балықтардан сынама алынады. Қырылған балықты жинап, ветеринарлармен ақылдаса отырып жою жұмыстары жүргізіледі.
- Бұл - Ертіс өзеніне қарасты жайылмалардағы балықтардың жаппай қырылуы емес. Одан сорақы жағдайлар болған Мәселен, 2021 жылы балықтар ауа жетіспеушілігінен көп қырылған еді. Мұндай табиғи өлу деректері болып тұрады, - деп қосты маман.
Ал Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаровтың пікірінше, балықтардың қырылуына Ертіс өзеніне жіберілген судың ешқандай қатысы жоқ. Желбезекті тіршілік иелері көлшіктерде қыста қалып қойып, мұздың қалың қатуы мен ауа жетіспеушілігінен өліп қалуы әбден мүмкін.
- Жайылма аумағының барлығы толған көлшіктер. Олардың тереңдігі ары кетсе 1-1,5 метрден аспайтыны белгілі. Ал біздің жақта қысқы аязда қалыңдығы 2-3 метрге дейін мұз қатады. Яғни әлгіндей көлшіктерде қалып қоятын балықтардың тірі қалуына мүмкіндік жоқ деген сөз. Біздіңше бұл балықтар былтыр көлшіктерді мекендеп қалып, қыста қырылған. Ал су тасығанда осындай жыраларға ағып шыққан. Мұндай табиғи биологиялық процесс көп жерде кездеседі, - дейді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін мамандар Ертіс деңгейі не себепті төмендегенін түсіндірген еді.