Ертіске кәріз қалдықтары ағып жатыр: су құрамында өзгеріс байқала ма
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары Ертіс өзеніндегі судың құрамын бақылауды жалғастыруда.
Қала халқы үшін ауызсу жиналатын «Оңтүстік» су жинағышынан сынамалар екі мәрте алынған.
Курчатовтағы коммуналдық мекемеден Ертіске толассыз ағып жатқан кәріз суы өзен бойын жайлаған жұртты алаңдатуда. Ақсу, Павлодар, Екібастұз қалалары ауызсуды өзеннен алатынына байланысты қазір көпшілік ішіп отырған судың тазалығына күмәнмен қарай бастаған.
Дейтұрғанмен Павлодар қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері өзен суының құрамы өзгермегенін, оны ауызсуға пайдалану қауіпсіз екенін айтып отыр.
— Кәріз суы өзенге құйылып жатыр деген ақпарат түсісімен біз «Оңтүстік» су жинағышынан сынамалар ала бастадық. Оның алғашқысы 7 желтоқсанда алынды. Одан соң зерттеуді 11 желтоқсан күні тағы қайталадық. Су микробиологиялық, санитариялық-химиялық, паразитологиялық тұрғыдан зерттелді. Зерттеу нәтижелері су құрамында өзгерістер жоқ екенін, барлық нормалар қалыпты сақталып отырғанына көз жеткізді, — деп хабарлады Павлодар қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Александр Сафияников Kazinform тілшісіне.
Маманның айтуынша, Ертіске кәріз жүйесінен ағып шығатын нәжіс түссе, өзен суының құрамында ең әуелі аммиак пен көмірсутек көбейіп кетер еді. Химиялық құрамы өзгерген соң түрлі микробилогиялық паразиттер де өсу ортасын ұлғайтады. Мұндай жағдайда суды тұтыну қауіпті.
Эпидемиологтер алдағы уақытта өзен суының құрамын тексеруді жалғастыра беретіндерін айтады.
Еске сала кетейік, Абай облысы Курчатов қаласынан ағып шығатын қалдық сулар Ертіс өзеніне құйылып жатқаны анықталды.
Кейінірек, «Курчатов Водоканал» тазартылмаған кәріз суын Ертіске жүйелі түрде ағызып келгені белгілі болды.