Ерұлан Жамаубаев теңге бағамының нығаюына ықпал еткен факторларды атады

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері теңге бағамы 1 доллар үшін 5,5 пайызға нығайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев айтты.

курс валют
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pixabay

— 2026 жылғы 6 наурызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім алтын-валюта операцияларын теңестірумен, ең төмен резервтік талаптарды қайта қараумен, макропруденциялық шараларды, сондай-ақ Үкіметпен бірге инфляцияға қарсы кешенді шараларды қабылдаумен қатар бағалардың өсуін тежеуге ықпал етеді, — деді ол.

Оның дерегінше, жыл басынан бері теңге бағамы 1 доллар үшін 478,2 теңгеге дейін 5,5 пайызға нығайды. 

— Оған келесідей факторлар әсер етті: жаһандық мұнай нарығының конъюнктурасы; теңгедегі активтердің инвестициялық тартымдылығының артуы және бейрезиденттердің портфельдік инвестициялары көлемінің ұлғаюы; экономикалық агенттердің шетел валютасына деген сұранысының төмендеуі, — деді Ерұлан Жамаубаев.

Айта кетейік, биыл үш айда тауарлар экспорты 12 млрд долларды құрады.

Осыған дейін Жамаубаев Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары инфляцияның баяулауына ықпал еткенін айтты.