Ержан Максимнің ата-анасы Мәскеудегі ҚР Елшілігіне қызметке шақыртылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жас дарын Ержан Максимнің ата-анасы Мәскеудегі ҚР Елшілігінде жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

 «Мәскеудегі ҚР Елшілігі Ержанның ата-анасын жұмысқа шақырды. Әрине, бұл қадам Ержанның оқуы үшін өте маңызды. Өздеріңіз білесіздер, жас дарынды Игорь Крутой шақыртқан болатын», - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Министр баланың болашағы үшін Ержанның ата-анасы Мәскеуге баруға бел буғанын жеткізді. Әзірге, оның ата-анасына қандай қызмет ұсынылғаны белгісіз.

«Қазір ұсынылатын қызмет туралы ештеңе айта алмаймыз. Менің ойымша, елшілікте кез келген жұмыс құрметке ие», - деді А. Мұхамедиұлы.

Еске сала кетейік, Ресейдің халық әртісі, композитор әрі продюсер Игорь Крутой қазақстандық жас әнші Ержан Максимге өзінің музыкалық академиясына оқуға түсіп, білімін шыңдауды ұсынды.

«Достар, Мәскеуге жасаған сапарым сәтті болды. Неге дейсіз ғой. Мен ең алдымен, еліміздің атпал азаматы Иманғали Нұрғалиұлымен кездестім. Сол кездесуіміздің нәтижесі ретінде көптен бері армандап жүрген атақты композитор, продюсер Игорь Крутоймен таныстым. Студияда тыңдаған маэстро мені ұнатып, өзінің музыкалық академиясына шақырды. Мен қуана келістім. Енді, достар, күзден бастап сол жерде вокал бағыты бойынша өнерімді шыңдайтын боламын. Әрине, мұның барлығы Иманғали ағамыздың арқасы деп білемін. Осындай азаматтардың арқасында шығармашылығым жалғасып, жемісін беретініне сенімім мол», - деп жазды Ержан.

Соңғы жаңалықтар