Ержан Шынкеев: Биыл кезек маған келгенін іштей сезіп жүр едім

АСТАНА. ҚазАҚпарат - «Қазақстан Барысы» VIII республикалық турнирінің бас жүлдесін жеңіп алған Ержан Шынкеев жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ержан Шынкеев: Биыл кезек маған келгенін іштей сезіп жүр едім

«Қуанышымда шек жоқ. Осыған дейін бір рет күміс белбеуге ие болсам да, Алтын белбеуді кім армандамайды. Алтын жүлденің сыйақысы да жоғары. Міне, сол армандарым бүгін жемісін берді. Осыған дейін өзім қатарлас белдесіп жүрген балуандардың барлығы бұл атақты алып болды. Биыл кезек маған келгенін іштей сезіп жүрген болатынмын. Үмітім алдамапты. Аллаға шүкір. Енді келесі жылы бұл турнирге осы жеңісім үшін іріктеуден тыс қатысу мүмкіндігіне ие боламын. Келесі жылы да чемпион атануға бар күшімді саламын», - деді Ержан Шынкеев жарыстан кейін.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде қарағандылық Ержан Шынкеев чемпион атанса, «Әскер Барысы» Ерасыл Қажыбаев күміс белбеуді, ал шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров қола белбеудің иегері атанды.