Ержан Тәтішев қорының білім беру гранты байқауына құжаттар қабылдау мерзімі ұзартылды
АЛМАТЫ. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Ержан Тәтішев қоры мектеп және колледж түлектеріне, сондай-ақ мүгедектігі бар жастарға арналған 2012 жылғы білім гранттары байқауына құжаттар қабылдау рәсімін 13 сәуірге дейін ұзартты.
23 қаңтарда жарияланған байқау шарты бойынша қаржы-экономикалық мамандықтары бойынша бакалавр дәрежесін алуға ниеттенген жастар 31 наурызға дейін өз құжаттарын тапсыруы керек болатын. Қоғамдық қордың бұл бағдарламасының басты мақсаты - көшбасшылық қабілеттері және жаңа білімдер мен машықтарды меңгеруге ынталы жастарды анықтап, оларға жәрдем беру. Сонымен қатар белсенді өмірлік ұстанымы бар және қаржылық-экономикалық мамандықтарға ие болуға мүдделі жас мүгедектерді табу және көмектесу. Онда мектептер мен колледждердің түлектері Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында, Халықаралық бизнес университетінде және Халықаралық бизнес академиясында білім ала алуға мүмкіндік алады. Оған қазақстандықтармен қатар, ТМД елдеріндегі Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Украина азаматтары да қатыса алады. Үміткерлерді іріктеуде балалар үйінің түлектеріне артықшылықтар беріледі. Ал Қазақстанның түрлі аймақтарындағы арнайы-орта оқу орындарында білім алуға ата-аналары білім алу шығындарын төлей алмайтын отбасылардың мүгедектігі бар тек Қазақстан азаматтары ғана қатыса алады. Байқаудың жалпы ережесімен танысып, өтінім формасы мен құжаттар тізімін және білім гранттарының бағдарламасы жөніндегі толық ақпараттар www.tatishevfoundation.kz сайтында орналастырылған. Мұндай мәліметтерді бағдарламаның серіктес жоғары оқу орындарының қабылдау бөлімдерінен де алуға болады.