Ержүрек әйел Астана маңында болған өрттен екі ер адамды аман алып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі, кешке қарай Астана маңындағы Қосшы ауылындағы мешітке жақын жерде құрылысшылар тұрып жатқан вагон отқа оранды.
«Мен көшеде киім-кешектерді жайып тұрған едім, сол кезде вагоннан шыққан түтін мен оның есігінің жанып жатқанын байқап қалдым. Одан кейін бәрі қас-қағым сәтте болды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне ЕЦ-166/22 түзету мекемесінің қызметкері Раиса Кәленова.
Лейтенант Р.Кәленова шұғыл ұялы телефон арқылы өрт сөндіру бөлімін шақырып, ал өзі отқа оранған вагонға қарай жүгірген.
Ержүрек әйел дер кезінде көмекке үлгеріп, лапылдаған жалынға қарамастан екі ер адамды алып шыққан. Ізінше газ баллоны жарылып, вагонның төбесін жұлып кеткен.