«Ержүрек» - қазақ батырларының ерлігі туралы 10 томдық антология

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отан қорғаушы мерекесіне және Жеңістің 70 жылдығына орай ҚР Қорғаныс министрлігі мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ елін қорғаған қазақ батырларының ерлігі туралы жыр-толғаулар мен эпос-поэмалардың «Ержүрек» атты он томдық антологиясын жарыққа шығарды.

«Ержүрек» - қазақ батырларының ерлігі туралы 10 томдық антология

Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін,ата-бабаларының ерлігін құрметтеуге баулитын ауқымды еңбектің бірінші томы «Қисса Алпамыс», «Қамбар батыр», «Ер Көкше», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» жыр-толғауларымен басталады. Екінші және үшінші томға Алтын Орда дәуірін қамтитын «Едіге жыры», «Ер Қосай», «Сайын батыр», «Қисса Нәрікбай - Шора» Орақ - Мамай», «Төрехан батыр» жырлары енген. Төртінші томға «Қырымның қырық батыры» циклымен «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары», «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» эпостары кірген. Бесінші томда XVII ғасырдағы ерлікке толы оқиғалар баяндалатын «Орақты батыр», «Қарасай-Қази», «Еңсегей бойлы ер Есім» жыр дастандары жарияланып отыр. Ал алтыншы және жетінші томда Абылай хан заманының ер батырлары туралы«Бөгенбай», «Қабанбай туралы жыр», «Хан Абылай», «Олжаш батыр», «Сәтбек батыр», «Райымбек батыр», «Ер Жасыбай», «Жидебай батыр», «Өтеген батыр», «Орта жүз Олжабай Батыр», «Еспембет», «Батыр Баян», «Көкжарлы Барақ батыр», «Наурызбай», «Базар батыр», «Бердіқожа батыр», «Жантай батыр», «Сырым батыр» «Шақшақұлы Ер Жәнібек», «Жапал батыр мен Таңшебер қыз», «Ер Әжібай», «Мырқы батыр» эпостары топтастырылған. Тоғызыншы томда отарлаушыларға қарсы шыққан «Исатай-Махамбет», «Кенесары», «Ағыбай батыр», «Батыр Науан», «Жасауыл қырғыны», «Сұраншы батыр», «Саурық батыр», «Досан батыр», «Арқалық батыр» поэмалары топтастырылған. Оныншы томға екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлері туралы «Ер Төлеген», «Абдолла», «Мәншүк», «Әлия», «Сұлтан», «Жиырма бес», «Ер туралы жыр», «Қайран шеше. Нүркен Әбдіровке ескерткіш!», «Батыр-дастан», «Болашақ үшін», «Мәлік батыр», «Ту тіккен», «Ақырғы граната (хабарсыз жоғалғандар монологы)», «Оқ және гүл» атты айтулы ақындарымыздың поэмалары еніп отыр. Көптомдық еңбекті шығаруға академик Сейіт Қасқабасов бастаған ЕҰУ ғалымдары тер төкті. Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов бұл елі мен жерін қорғаған батыр бабаларымыздың ерлігі туралы антология жастарды отансүйгіштікке шақыратын рухани түпқазық екендігін айырықша атап өтті. Кітаптың алғашқы жүз данасы бүгінгі Отан қорғаушыларымыз сапта жүрген Қарулы Күштердің құрылымдарына жіберілді, деп хабарлайды ЕҰУ баспасөз қызметі.